Ақордада көктемгі су тасқынымен күрес шараларына белсене қатысқан ел азаматтарын марапаттау рәсімі өтті. Атырау облысының азаматтары да марапаттарға ие болды.
Соның ішінде жерлесіміз, Құлсары қаласындағы №1 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мұрат ЖАРЫЛҒАСОВ та бар. Ол тілсіз жаумен күрес кезінде ерекше көзге түсіп, апатты ауыздықтауға белсене атсалысқаны үшін «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Мұрат Тыныштықұлы 1982 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласында дүниеге келген. 2004 – 2010 жылдары Құлсары балалар – жасөспірімдер спорт мектебіне еркін күрес бөлімінің мұғалім – жаттықтырушы болған. 2010 - 2011 жылдары Құлсары балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне директор қызметін атқарған. 2011 жылы Жылыойдағы екі спорт мектебі біріктіріліп, сол жылдан бері №1 Жылыой аудандық балалар – жасөспірімдер спорт мектебінде директорлық қызметін атқарып келеді.
Индерлік Самат АТАБАЕВ та су тасқынымен күресте белсенділік танытып, күн, түн демей үздіксіз еңбек еткендердің бірі. Ол да осы жемісті жұмысы үшін төсбелгімен марапатталды.
С. Атабаев еңбек жолын 1994 жылы "Дендер" АҚ-да 3-разряд машинист болып бастаған болатын. Кейін 2018-2019 жылы "Жарақыра" ЖШС-де экскаватор машинисі, 2020 жылы "ИндерСу" ЖШҚ-да экскаватор операторы, 2022 жылдан күні бүгінге дейін автокөлік және арнайы техника бөлімінде шынжыр табанды трактор операторы қызметін атқарып келеді.
Самат Ғаллемұлы кент тұрғындарына көрсетілетін коммуналдық қызмет сапасының жақсаруына үлесін қосып, өзіне тапсырылған міндетті мінсіз атқарып жүр. Тасқын су келіп, ел басына қатер төнгенде де мігірсіз еңбек етті. Айта кету керек, жалпы аудан тұрғындары тасқын су кезінде оның жасаған жұмысын жоғары бағалап, құрметпен қарайды.
Еске сала кетейік, табиғи апат кезінде ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, Құлсарыда 3 мыңға жуық тұрғын үйді су басып, 30 мыңға тарта қала тұрғыны эвакуацияда болды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА