«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Chevron (Шеврон) корпорациясының Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесспен кездесу өткізді.
Кездесуде Теңіз және Қарашығанақ кен орындарын игеру, қазақстандық қамтуды ұлғайту және Шеврон тарапынан ҚМГ-ның мұнай-химия бастамаларын іске асыруға жәрдемдесу перспективалары қаралды.
ҚМГ Теңіз кен орнында жаңартылатын энергия көздерін дамыту мүмкіндігі мәселесін алға тартты. Бұл Қазақстанның көміртек ізін азайту жөніндегі мақсаттарына жетумен байланысты мәселелерді шешіп қана қоймай, қосымша энергия көздерімен қамтамасыз етеді және ішкі нарыққа, соның ішінде мұнай-газ химия жобаларына жеткізу үшін газдың бір бөлігін босатуға мүмкіндік береді.
Қазақстанды тауарлық газбен қамтамасыз ету үшін Қарашығанақ кен орнында жылына 4,5 млрд текше метр шикі газ өңдеуге қауқарлы газ өңдеу зауытын салуға қатысты инвестициялық шешімді уақтылы қабылдаудың маңызы атап өтілді.
А.Хасенов кен орындарды игеру жөніндегі жобалау құжаттарын дер кезінде мақұлдау үшін мемлекеттік органдармен де ынтымақтастық орнату қажеттілігіне баса назар аударды.
Тараптар өзара тиімді серіктестікті нығайту бағытын ұстанатынын растады.
Анықтама:
Chevron (Шеврон) корпорациясы — АҚШ-тың энергетика саласындағы ең ірі компаниясы, әлем бойынша ең ірі корпорациялардың бірі. Ол «Теңізшевройл» ЖШС құрылған кезде Қазақстанға келген алғашқы шетел энергетикалық компания болды. Шевронның Қарашығанақ жобасына қатысу үлесі бар, Каспий құбыр консорциумындағы ірі акционер.
«Теңізшевройл» ЖШС 1979 жылы ашылған және әлем бойынша ең терең мұнай кеніші болып саналатын Теңіз мұнай кен орнында мұнай, газ және күкіртті игерумен, өндірумен және сатумен айналысады. 1993 жылы сәуірде Қазақстан Республикасы мен Шеврон корпорациясы арасында ТШО-ны құру туралы келісім жасалды. Серіктестіктің қатысушылары: Шеврон — 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ — 20%, «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» — 25% және «Лукойл» — 5%.