Атырау, 24 қараша 04:42
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Прокурор Мақат ауданының экс-әкіміне 2 жыл жаза сұрады

620 просмотра

Атырау қалалық №2 сотында бұрынғы жұбайы Ақмарал ҮМБЕТҚАЛИЕВА өзін үнемі ұрып-соқты деп айыптап отырған Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат ИБРАГИМОВТЫҢ ісі бойынша жарыссөз өтті, деп хабарлайды Информбюро.

Прокурор айыпталушыны 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Кішкентай балаларының болуы жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай болып табылады. Сотталушы жасаған қылмыстың орташа санатқа жататынын ескере отырып, айыптаушы тарап жаза тағайындауды дұрыс деп санап, соттан сотталушыны кінәлі деп танып, оған ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрайды.», - деді іс бойынша прокурор.

Жәбірленуші әділ шешім шығаруды сұрады. Үмбетқалиеваның айтуынша, ол бірнеше жыл бойы қорлық, кемсітушілік көріп,  соққыға жығылған.

«Осының бәрі кішкентай балалардың көз алдында болды, бұл олардың психологиялық жағдайына әсер етті. Әрі қарай қорқытып, қоқан лоққы жасап, мені осыған байланысты айтылған талаптардан бас тартуға көндірді. Осыған байланысты Ибрагимовқа қатысты әділ шешім шығаруды, атап айтқанда, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұраймын. Бұл жаза оны түзетеді деп есептеймін, оның толық оқшаулануы мен үшін және менің балаларым үшін қайғылы аяқталуы мүмкін жағдай екенін түсінуге және ойлануына мүмкіндік береді деп санаймын, – деді Ақмарал Үмбетқалиева.

Бұл ретте күдіктінің қорғаушысы соттан оны толық ақтауды талап етті. Ринат Ибрагимовтың адвокаты айыптаушы тарап бұрынғы әкімнің кінәсін дәлелдеген жоқ деп есептейді.

«Мемлекеттік айыптаушы қандай әрекеттері үшін Ибрагимовті 2 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр? Айыптау қорытындысында айыптың мәні, қылмыстық құқық бұзушылықтың әдістері, себептері және басқа да елеулі мән-жайлары мүлдем көрсетілмеген. Бұл істің мән-жайын жан-жақты, толық, объективті тергеу принциптерінің тікелей бұзылуын көрсетеді. Мемлекеттік айыптаушы біздің қорғалушымыз Ибрагимовтің кінәсін дәлелдемей-ақ, ешқандай күш салмай, бұл жауапкершілікті сотқа жүктегендей әсер қалдырады. Сіздің алдыңызда Ибрагимов қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айыппен жауап беріп отыр, алайда іс жүзінде оны жасамаған», - деді қорғаушы.

Адвокат тағылған айыптарды негізсіз және заңсыз деп атады. Ол ешқандай даусыз дәлелдер ұсынылмағандықтан, айыптаушы тараптың қорытындысы сотта объективті түрде расталмағанын айтты.

19 маусым, 12:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.