Жұмыссыз жастар «Шектелме» әлеуметтік жобасы аясында мобилография, маркетинг және графика дизайны дағдыларын меңгеріп шықты.
- Жастарға тамаша мүмкіндік берген “Шектелме” жобасы аясында маркетинг курсы бойынша білім алдым. Курс барысында бизнеске талдау жасауды үйрендік. Жобаның көңілімнен шыққаны сондай, келесі лекке SMM бағыты бойынша қайта тіркелдім, - дейді жобаға қатысушы Назгүл ЖАЙЛАУБАЕВА.
Құлсары мен Атырау қалаларын қамтитын әлеуметтік жобаның келесі легі 4 мамандық бойынша өтеді.
- Курстарды өңірдегі төтенше жағдайға байланысты уақытша тоқтатқан едік. Жұмысты қайта жандандырып, Құлсарыдағы сабақтарды бастап кеттік. Бүгін тренерлеріміз жаңа лекке бағыттарды таныстырды. Қатысушыларымыз SMM, мобилография, таргет және графика дизайын тегін үйренеді. Бұдан бөлек, шеберлік сағаттарына қатысып, өз қызметін ұсынудың әдіс-тәсілдерімен танысады, - дейді ұйымдастырушылар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаға жыл басында 450-ден аса өтініш түссе, оның 200-ден астамы іріктеуден өткен.
Қатысушыларға сертификат табыстаған “Теңізшевройл” компаниясының өкілі Ерлан ҚАСЫМ жобаның маңызын атап өтіп, түлектерге табысты қадам тіледі.
— “Шектелме” жобасы “ТШО” компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында іске асып отыр. Былтыр курстар Жылыойдың ауылдық округтерінде өтіп, 160-тан аса жұмыссыз жас онлайн мамандықтарды меңгеріп, табыс көзін тапқан еді. Биыл да жобаның жақсы нәтиже береріне сенімдіміз, - деді ол.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ