Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов жапондық Marubeni Corporation (Марубени) компаниясының басшылығымен кездесті, деп хабарлайды ҚМГ баспасөз қызметі.
Тараптар былтыр күзде Қазақстан мен Жапония арасында қабылданған мемлекетаралық келісімді іске асыру аясында Атырау мұнай өңдеу зауытында төмен көміртекті жобаларды дамыту мәселесін қарастырды. Атап айтқанда, ҚМГ мен Марубени Атырау мұнай өңдеу зауытының ЭЛОУ-АТ-2, ЭЛОУ-АВТ-3 технологиялық қондырғыларының және каталитикалық крекинг қондырғысының жұмысын экологиялық оңтайландыру жөніндегі жобаны іске асыру мүмкіндігін зерттеу қорытындысын күтуде. Зерттеуді жапондық Yokogawa Corporation (Йокогава) инжиниринг компаниясы жүргізіп жатыр.
Атырау мұнай өңдеу зауытында декарбонизациялау және CO₂ шығарындысын азайту бойынша озық шешімдерді енгізу бірлескен кредит алу тетігі (JCM, Joint Crediting Mechanism) арқылы көзделеді. Нәтиже оң болған жағдайда, бұл тәжірибені Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына тарату жоспарда бар.