16 маусымда Құрбан айт мейрамы басталады. Осыған орай, «Тума», «Асыл агро», «Береке», «Атырау ет орталығы», «Адал» мал базарларында құрбандыққа шалынатын малды союға мүмкіндік болады.
«Жергілікті атқарушы билік органдарымен бірлесіп, мал базарлардың қазіргі күйін аралап көрдік. Сондай-ақ, малдың бағасын Құрбан айт күндері шарықтатпай, бір бағада сатуды ескерттік. Құрбандыққа ақсақ-тоқсақ, арық, құлағының көп бөлігі кесілген малдың жарамайтынын және қой алты айдан жоғары болса ғана жарайтынын жеткіздік.
Құрбан айтқа жарайтын базарларды таза ұстау, қасапшылардың арнайы ҚМДБ ның семинарынан өткен болуын да айттық. Алла Тағала баршамызды құрбан айтқа жеткізсін!» - деді Бас имам Алтынбек Ұтысханұлы.
Еске сала кетейік, мүфтият бекіткен Qurban2024 сайты арқылы онлайн форматта құрбандық шалуға да мүмкіндік бар.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ