10 маусым күні түстен кейін Индер ауданы Бөдене ауылының Мәдениет үйінде болған кезекті есеп беру жиыны басталысымен аудан әкімі Дарын ШАМҰРАТОВ округ әкімі Болат ИСАНЫҢ мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылғанын хабарлады.
Естеріңізге салсақ, Болат Иса 2023 жылы 23 сәуірде ауыл тұрғындарының дауыс беру нәтижесінде Бөдене округі әкімі болып сайланған еді. Бұл лауазымдық қызметте жұмыс жасағанына көп болмай-ақ, мемлекеттік қызметке лайық деп таппады.
Факт бойынша әкімінің жұмыстан босауына Жайық жағасындағы ескі су айдау қондырғысы себеп болды. Бұл қондырғы 1970-1975 жылдары пайдалануға берілген. Кеңес одағы тарағаннан кейін, яғни 1990 жылдары қондырғы иесізсіздікке ұшырып, іші қоқысқа толды. Жайық жағасында орналасқан бұл қондырғының кейбір бөлігі жармен бірге құлап, қауіптілігі сезілген. Тереңдігі 4 метр, жалпы көлемі 438 шаршы метр болатын су қондырғысын тазартып, бұзу үшін алдын ала сметасы жасалып, 2 млн 500 мың теңгеге бағалаған. Алайда оған кейін 890 мың теңге бөлініп, конкурс қорытындысымен 618 мың теңгеге ЖК «Ғабдоллин» ұтып алады.
- Өткен жылдың қарашасында мердігер ұтып алғанымен жауын-шашынның салдарынан жұмыстарын бастай алмады. Бірақ жұмыс жүрді, өзенге ағып кетпес үшін қоқыс қалдықтары түгел тазартылып, кейбір қоршаулары алынды. Жасалған жұмысына орай 618 мың теңгені мердігердің есепшотына аудардым. Міне, шатақ осы жерден басталды, жұмыс толық бітпей қаржы аударып жібергенсің, деп прокуратура тексеріп, шарасын алуға Әдеп кеңесіне жіберіп, соған орай жұмыстан босатуға дейін жетіп отыр, - деді округ әкімі Болат ИСА.- Су тазарту қондырғысын бұзып алу үшін ол қаржы жетпейді, себебі бетондарды аппаратпен кесу керек, техника да қажет. Негізі о баста сметалық құжатта көрсетілген 2 млн теңгеден астам ақша бөлінуі керек еді. Бірақ бұл дәлелдерімді ешкім тыңдамай отыр...
Мені сайлаған әкімдер емес, мені халық сайлап қойды. Әкім болып келместен бұрын 6 млн теңгеге алынған екі трансформаторды ешкім көрмейді. Неге оны тексеріп шарасын алмаған? Маған әділдік керек, егер халық сенімсіздік танытса қазір ойланбастан орнымды босатамын. Егер халық қолдаса неге жұмыстан кетуім керек?
Жиынға қатысушылардың басым бөлігі әкімді жұмыстан шығарып тастауға қарсы болды. Оған «АЖ» тілшісіне жіберген видео дәлел.
- Болат әділдікті, шындықты айтып отыр. Жұмыс жасауға мүмкіндік беріңдер. Әкімге қысымшылық жасамаңдар, ол жұмыс жасайды. Қазір шындықты айтқан адамды жек көреді, 600 мың деген ақша ма, миллиондап жеп жатыр емес пе. Халық сайлады, бізге басқа әкім керек емес, - дейді ауыл тұрғындары. – Өзіміз сайлап қойдық, ешқайда жібермейміз. Халық болып қуынамыз. Халықтан үлкен емессіңдер. Су айдау қоймасын бұзып шығаруға қаралған қаржы жетпейді, айтуы дұрыс. Әкім орнында қалсын.
- Қалай айтсаңыздар да өкім өзгермейді, заңдылығына қарап айтып отырмын. Осы сәрсенбіде жаңа әкімді сайлау коммиясиясы болады. Ұсыныздар. Менің шешімім өзгермейді, - деді Д. Шамұратов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА