Кеше 10 маусым күні қала тұрғыны құлыптаулы көлігіне сәбиін қалдырып, одан айырылып қала жаздады. Анасы қайтып келгенде, бір жасар баласы ес-түссіз жатқан.
Шарасыз ана жедел жәрдемге хабарласып, сол маңдағы перзентхана дәрігерлеріне жүгінген. Дәрігер-неонатологтар көмек көрсетіп, әрі қарай «103» бригадасы жансақтау жұмысын жалғастырып, қосымша педиатриялық бригада шақырылды.
Барлық медициналық көмек көрсетіп жатқан кезде баланың дене қызуы 40°C асқан, қан тамырының соғысы әлсіреп, тырысу белгілері болған.
"Халықаралық стандарттар бойынша педиатриядағы кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясы бойынша оқытылған әдістерді пайдаланып, барлық кәсіби дағдыларын көрсетіп және командалық жұмыстың нәтижесінде баланы өлімнен құтқарып алып, қалалық перзентхананың дәрігер реаниматолог пен медбикесінің сүйемелдеуімен Атырау облыстық балалар ауруханасына жеткізілді", - деді облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиз Әбдірахманова.
Атырау облыстық жедел жәрдем бекеті қала тұрғындарынан балаларды қараусыз қалдырмауды және автокөлік ішінде жалғыз тастамауды ескертеді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ