Индербор кентінде жол төсеу жұмыстарына 4 млрд 743 млн теңге қаралып отыр. Бұрын кенттегі "Шығыс", «Болашақ» ықшамаудандарының тұрғындары жол жоқтықтан лайсаң күндері балшықты кешіп, азап көретіндеріне жиі шағымданатын.
"Шығыс" ықшамауданындағы 5 км жолға асфальт төсеуге 758 млн теңге, ал "Болашақтағы" 12 км жолға 2 млрд 832 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, 17 шағын көшеге (10, 4 км) 1 млрд 152 млн теңге қаралыпты.
Жол төсеу жұмыстарын мердігер "Қарасай", "Монолит-Дизайн 2030" ЖШС-тері ұтып алған.
- Бұл жұмыстар екі жылда атқарылуы тиіс. Бүгінде көшелерде геодезиялық және топографиялық жұмыстар жүріп жатыр. Мердігерлер жұмысты жеделдетуде қиындыққа тап болып отыр. Тасқын судың кесірінен Тараз қаласынан техникаларын жеткізе алмай отыр. Сондықтан Атырауға дейін поезбен жеткізіледі. Жалпы қаралған қаржының 30 пайызын мердігерлердің есепшоттарына аудардық, - дейді Индер ауданы әкімі Дарын ШАМҰРАТОВ. - Биыл күзге дейін кенттегі кейбір жолдарға жәй жөндеу (шұңқыр жамау жұмыстары) жүргізілуі тиіс. Оған 75 млн теңге қаралды. Бұдан бес жыл бұрын кентте канализация жүргізу кезінде кейбір жолдар бүлінді. Осыны қалыпқа келтіруіміз қажет.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА