31 мамырда Астанада паракаратэден ҚР чемпионаты өтті.
Атыраудың намысын «Қайсар» спорт клубының екі спортшысы – «арбадағы әйелдер» санатында Жақыпова Тыныш (52 жас) және «зағиптар» санатында Ешимов Амангелді (48 жас) қорғады.
Екі спортшы да қола жүлдеге қол жеткізіп, Азия чемпионатына жолдама алды.
***
Атыраулық әскери қызметшілер Оңтүстік Кореяның Мунгён қаласында өткен әскерилер арасындағы 27-ші әлем чемпионатында медальдардың толық жиынтығына ие болды.
31 мамыр мен 3 маусым аралығында оған 20 елдің спортшылары қатысты. Қазақстаннан ел намысын қорғауға 13 таэквондошы аттанды, оның 4-еуі атыраулық спортшы. Мария Севастьянова (57 келіге дейін) алтын, Нұрай Бауыржанова (49 келіге дейін) күміс, Нұрай Құсайынова (67 келіге дейін) қола алқа жеңіп алды.
***
Шымкентте 2012 жылы туған ұлдар мен қыздар арасындағы ҚР чемпионатында жүзуден облыстық команда бақ сынады.
22 команда қатысқан жарыста біздің жүзушілер мәреге бесінші болып шықты. Үздіктердің қатарында Иван Чесноков болды. Оның еншісінде екі алтын, екі күміс және бес қола бар. Айша Бисенова мен Шолпан Мұрзағалиева күміс медальға қол жеткізді. Сондай-ақ эстафетада Қабибола Абдурахман, Нұрмұқан Сүйеніш және Жанбосын Жансейіт қола жүлдегер атанды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ