Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы Жайық-Каспий бассейнінде шара 1 сәуірден 31 мамырға дейін жалғасты.
«Шара барысында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының, ішкі істер органдарының, ҚР ҰҚК шекара қызметінің, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының және Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында 945 құқық бұзушылық (Атырау облысында – 532, Маңғыстау облысында – 223, Батыс Қазақстан облысында – 190) анықтап, жолын кесті.
Шара барысында 694 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 35-і өрескел заң бұзушылыққа жол бергені үшін сотқа жолданды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне қылмыстық әрекеттердің белгілері бар 71 материал тіркелген, оның ішінде 50 материал ҚР ҚК-нің 339-бабы (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша, 17 материал ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы бойынша (Жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын немесе жасырын тергеу іс-қимылдарын жүзеге асыру), 4 материал ҚР ҚК-нің 196-бабы (Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деп түсіндірді Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының балық шаруашылығы бөлімі бастығының м.а. Олег ТУШКАНОВ.
Құқық бұзушыларға 19,4 миллион теңге айыппұл салынғаны атап өтілді. Заңсыз айналымнан 11 тонна 307,7 келі, оның ішінде 2 тонна 229,35 келі бекіре тұқымдас балық түрі және 8 келі 328 грамм бекіре уылдырығы тәркіленді.
Заң бұзушылардан 162 дана балық аулау құралдары мен 44 дана жүзу құралдары тәркіленді, сонымен қатар учаскелерді күн сайын сүзу кезінде судан ұзындығы 300 шақырымнан астам 1416 дана браконьерлік ау-құралдары алынды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ