Су тасқыны болғалы Батыс Қазақтан облысы, Индер, Махамбет аудандарының Атырау қаласымен көлік қатынасы қиындап тұр.
Судың көп келуіне байланысты "Атырау-Индер" жолын су басып, бұл бағыттағы қатынас мүлдем тоқтады. Алайда көрші облыс тұрмақ екі ауданның қаламен қатынасы үшін балама жол - Таңдай ауылына баратын жолмен Х. Ерғалиев ауылы арқылы қатынас орнады. Бірақ су мөлшері көбейіп, Таңдай ауылы мен "Коровник" елді мекенін су басу қаупі туындағасын бөгет жырылған болатын. Асфальт үстін су басып, жеңіл көлік таксистеріне қиындық туғызған еді. Жолдың осы бөлігінен су кешіп өткен көліктері істен шығып, шығынға батқаны жөнінде бірнеше адам шағымданды. Ал, ТЖ жөніндегі жедел штаб көлік жүргізушілерін қалаға бару үшін балама жол ретінде Орал-Индер-Махамбет-Атырау тас жолын пайдалануды ұсынады.
3 маусым сағат 13.45-тегі жағдай бойынша Таңдай ауылы тұсынан жеңіл көліктер айналма жолмен өтіп жатқан еді.
“Қазіргі уақытта көлік қозғалысы Х.Ерғалиев - Таңдай- Махамбет аумағында жүзеге асырылуда. Ал Таңдай ауылынан асқаннан кейін 1,5 шақырым жер су шайып кетуіне байланысты жеңіл көлік қозғалысына ғана кедергі келтіруде. Бұл жолдағы судың тереңдігі - 25-40 см. Негізінен асты биік жол талғамайтын көліктер жүріп жатыр. Су шайған аумақтан 10 шақырымдай жерде айналма жолды жүріп барып негізгі трассаға кері шығуға болады. Бұл жерде жүк көліктеріне ғана тыйым салынған, - деді Махамбет ауданының әкімі Қайрат НҰРЛЫБАЕВ.
- Кештете жаңбыр жауып еді, көлігіміз балшыққа батып қиындыққа тап болдық. Осы жерде 20 шақты көліктің жолаушылары далада қалдық. ТЖ көмекке келгенімен бәрімізді мына ми балшықтан қашан шығаратыны белгісіз, түн болып кетті, - дейді «АЖ» редакциясына хабарласқандар абыржып.
Ал, Индербор ауылы тұрғындарының айтуынша, Қызылқоға ауданы арқылы қалаға жету үшін жолаушылар такси қызметіне адам басына 18 мың теңге төлеуге мәжбүр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Куәгерлер жолдаған видео