Атыраулықтар 1 маусым күні Атырау мұнай өңдеу зауытының газ құбырынан шыққан түтінді газдың өзгеше түсін байқады.
«Ақ Жайық» газеті редакциясының сауалына мынадай мазмұндағы ресми жауап келді: «01.06.2024 жылы сағат 18:57-де каталитикалық крекинг қондырғысының «Белко» блогының мұржасынан сары түсті түтінді газ шығып жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. Бірақ жоғарыда аталған кезеңде каталитикалық крекинг қондырғысының режимінде ауытқулар болмады. «Белко» блогынан шығатын түтін газдарының құрамын ағымдық анализаторлардың көрсеткіштері бойынша «AМӨЗ» ЖШС қызметкерлері үнемі бақылап отырады. Құрамында күкірт қосылыстарының шектен асқаны анықталған жоқ. Бұл құбылыс, атап айтқанда, түтінді газдардың сары түсі көгілдір фон реңіне байланысты бұлтты ауа-райында жиі кездеседі.
Каталитикалық крекинг қондырғысы қалыпты жұмыс істеп тұр, барлық газ анализаторлары қайта тексерілді және дұрыс жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, «AМӨЗ» ЖШС экобекеттері мен «Қазгидромет» РМК мәліметтері бойынша атмосфералық ауа құрамындағы күкірт қосылыстарының шектен шығуы тіркелмеген. Бүгінде «AМӨЗ» ЖШС штатты режимде жұмыс істеп тұр».
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Автор түсірген видео