Иранда 30 мамыр, бейсенбі күні президенттікке кандидаттарды ресми тіркеу басталды. Елде мерзімінен бұрын сайлау Ислам республикасының президенті қызметін атқарған Эбрахим Раисидің ұшақ апатынан қайтыс болуына байланысты 28 маусымда өтеді. Бұл туралы KAZINFORM DW ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
– Тіркелу үшін үміткерлер алдағы 5 күн ішінде Иранның Ішкі істер министрлігіне жеке келуі керек. Кандидаттарды тіркегеннен кейін 12 мүшеден тұратын Конституцияны қорғаушылар кеңесі президенттікке кандидаттардың идеологиялық тұрғыдан жарамдылығын шешеді, - деп атап өтті dpa агенттігі.
Кеңес мақұлданған кандидаттардың түпкілікті тізімін 11 маусымда жариялайды. Содан соң саясаткерлерге сайлауалды науқан жүргізуге екі апта уақыт беріледі. Егер сайлаудың бірінші турында үміткерлердің ешқайсысы абсолютті көпшілік дауысын жинай алмаса, 5 шілдеде екінші тур өтіп, онда болашақ президент анықталады.
Иран президенті 4 жылдық мерзімге сайланады және бұл лауазымды қатарынан екі рет мерзімнен артық емес уақыт ішінде атқара алады.
Еске сала кетсек, 19 мамыр, жексенбі күні Шығыс Әзербайжанның Варзакан аймағындағы Тебриз қаласына ұшып бара жатып апатқа ұшыраған Иран Ислам Республикасының сегізінші президенті Аятолла Сейед Ибрахим Раиси қасындағы ресми тұлғалармен бірге қайтыс болды.