Экология департаменті осы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша қауіпті қалдықтарды заңсыз жинау, жерді бүлдіру, қалдықтарды заңсыз жасау, экологиялық талаптарды бұзу және т.б. деректерді анықтады.
Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде жеті заң бұзушылық, рұқсат беру талаптарын сақтау бойынша үш заң бұзушылық анықталды. Бұл туралы брифингте Атырау облысы бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек БЕКМҰХАМБЕТОВ мәлімдеді.
– Жалпы, жыл сайын департамент тарапынан тексерулер мен бақылау шаралары жүргізіледі. Осы жылы жеті заң бұзушылық анықталды – қауіпті қалдықтарды заңсыз жинау, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын орындамау, қалдықтарды заңсыз өндіру, міндетті деректерді бермеу, жерді бүлдіру және экологиялық талаптарды бұзу. Тексеру қорытындысы бойынша жалпы сомасы 13 млрд 704 млн 771 мың 349 теңгені құрайтын 45 әкімшілік айыппұл салынды. Қазіргі таңда 18 млн 555 мың 039 теңге айыппұл ерікті түрде өндірілді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда 13 млрд 686 млн 216 мың 310 теңге сомаға үш әкімшілік іс қозғалды. Яғни, оларды сот органдары қарайды, — деді Ә.Бекмұхамбетов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, бүгінде өткен жылдың соңында осыған ұқсас заң бұзушылықтар бойынша салынған 1 млн 311 мың теңге көлеміндегі айыппұлдар толығымен өндірілген.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА