Атырау қаласы бойынша 265 шаруа қожалықтың 37-сін, яғни 3120 гектар аумағын су басты, деп хабарлайды Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы.
Оның ішінде Соколок өзені бойы, Алмалы мен Еркінқала ауылдық округтері бойынша суда қалған 18 мал шаруашылығы, 19 егін шаруашылығы тіркелген.
«Су басқан шаруа қожалықтарындағы мал басы қауіпсіз аймаққа көшірілді. Адам шығыны мен үйлерді су басу жағдайы орын алған жоқ. Алайда, «Алтын сазан» демалыс орны мен «Адай» дүкені зардап шекті. Қазіргі уақытта әкімдік тарапынан қиын жағдайда қалған шаруа қожалықтарына техника, жанар-жағармай, құрал-жабдықтар, бөгет салу, және малға қажетті жем-шөппен көмек көрсетілуде» дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.
Қала бойынша су басу қаупі бар Қайыршақты, Еркінқала, Алмалы ауылдық округтері мен Атырау қаласы маңында барлығы 180 шаруа қожалықтары орналасқан. Қауіпті аймақтарда тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылған.
Ал. ауыл шаруашылығына келген шығынды өтеу бойынша қалалық комиссия құру жоспарланып, сол арқылы шаруа қожалықтарының иелеріне өтемақы төленбек.