Атырау, 24 қараша 08:35
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

ТЖД: «Атырауда су деңгейі әлі шарықтау шегіне жеткен жоқ»

885 просмотра

Атырау қаласында 28 мамырдан бері Жайықтың деңгейі алты метр болып тұр. Бұған дейін қалаға келетін судың ең мол мөлшері осынша болатыны айтылған. Алайда, облыстық төтенше жағдайлар департаменті су деңгейі әлі шарықтау шегіне жеткен жоқ деп хабарлады. Дегенмен, қала және облыстағы бірнеше елдімекенді су басу қаупі әлі де бар.

Жергілікті әкімдік қаланы су басады деген үлкен қауіп жоқ десе де, жағаға жақын орналасқан тұрғындардан маза қашқан. Себебі, қалада және аудан-ауылдарда бөгеттерді су шайып кету қаупі жоғары. Бөгеттерді су жарып кетіп жатқан жағдайлар да бар. 

Қалаға келген суды қабылдап алатын Сарыөзек пен Соколок каналдары толып, арнасына сыймай жатыр. Соколок каналының арнасына сыймаған суы далаға жайылып, канал үстімен өтетін көпір опырылған. Көпір Атырау-Орал тас жолы бойында орналасқан. Тас жолдың бірнеше жерін су шайып, көлік қатынасы тоқтаған. Екі ортада көліктер балама – Атырау-Астрахан тас жолымен қатынап жүр. Бұл жолдың өзінің бір бөлігін су шайып кетуіне байланысты жол уақытша жабылып, көлік қозғалысы тоқтаған. 28 мамырда күндіз көлік қозғалысы үшін жол кері ашылды.

Қазір Исатай ауылындағы Х.Ерғалиев – Махамбет ауданындағы Таңдай ауылы тұсындағы жол бөлігінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жолдың бөлігін су шайған. Атырау облысы бойынша ТЖ жөніндегі жедел штаб 29 мамырда «көліктер қозғалысына ешқандай кедергі жоқ» деп хабарлады.

Айта кету керек, жолдармен қатар шаруа қожалықтары мен кейбір демалыс базаларын да су басып үлгерген. Ресми ақпарат бойынша, су басқан жерлердегі деңгей 10 метрден асқан.

Махамбет ауданындағы 1,2 мыңға жуық адам тұратын Талдыкөл ауылы әлі су ортасында тұр. Сарайшық ауылында кейбір үйлердің іргесіне су келіп тұр. Мұны тұрғындар хабарлады.

Сарайшық ауылы тұрғыны Абат ЕСМУРЗИН ең көне тарихи орын – қазақ хандығының ең алғашқы астанасы саналған ескі Сарайшық қалашығындағы бөгеттерді су шайып кете ме деп қауіптенеді. Десе де, еріктілер мен сарбаздар ылғал тартқан құм толы қапшықтарды қайта қаптаған. Қазір Индер және Махамбет аудандарында су деңгейі түсіп жатқаны байқалса да, жайылып жатқан және жел тұрғанда толқынмен бөгеттерге соғылған судан қауіп бар дейді.

- Қазір қауіп сейілді. Дейтұрғанмен қатты жел тұрғанда қолмен салынған қаптар, бөгеттер бұзылып, ауыл тұрғындары мен сарбаздар болып жиналыпа, қосымша бөгет салдық... Ауылдағы «АтырауАгро өнімдері» шаруа қожалығы мен қауымдардың шет жағын су басты. Түгел емес. Үйлерге келіп тұрған су бар, бөгет бойында кезекшілік қойылған, - дейді А.Есмурзин.

Сарайшық ауылында 506 үй, 2972 тұрғын бар. Онда 172 мың қап қапталып, 13,6 км бөгет тұрғызылған.

Атырауға да су кіріп, Алмалы мен Бесікті ауылдарына қауіп төндіріп тұр. Қала маңындағы Бесікті, Алмалы, Талғайраң, Ақжар, Ақсай ауылдарысу басу қаупі жоғары аймақ деп танылған. Құтқарушылар «жағдайды күндіз-түні бақылап отырмыз» дейді.

Атыраулық кәсіпкер Дәулет ҒАРИФОЛЛА Жалғансай ауылындағы өзінің құлпынай алқабынабиыл көктемде еккен құлпынайларын жинау үшін  су тасқыны салдарынан қайықпен барып жүр. Ол егістігін ауылға жақын жерде Жайық өзені жайылмасы құйылған 0,5 гектар жерге егіпті.

Әріптесімен бірге күніне 2-3 рет рейс жасап, Атырау қаласына күніне 60-100 келі құлпынай өнімін әкелуде. Құлпынай алқабы 50 гектарды құрайды. Су тасқынына байланысты биыл тек 0,5 гектарға ғана жидек егілген.

Атырау қаласына да су келді: Алмалы мен Бесікті ауылдарына қауіп төніп тұр. Талғайран, Ақжар, Ақсай ауылдарына да қауіп бар. Құтқарушылар «тәулік бойына бақылауға алынған» дейді.

Ал қаладағы Алмалы ауылдық округінде  - 6009 адам: оның ішінде Алмалы ауылында -3683. Береке ауылында – 2326 тұрады.Округте жалпы 1323 үй болса, оның ішінде Алмалы ауылында - 745, Береке ауылында 578 үй бар. Ауылдық округте 2 орта мектеп, 2 балабақша, 2 мәдениет үйі, 1 дәрігерлік емхана бар.

- Ешқандай нысанды су алмады, - дейді қала әкімдігі баспасөз хатшысы Ғасырбек ТӨЛЕГЕН.

Атырау облысы ТЖ департаменті басшысының орынбасары Руслан ШАРИЕВТІҢ сөзінше, қазір Махамбет ауданында су деңгейі шарықтау шегіне жеткен. Ал қалада 1994 жылғыдай ең мол су мөлшері – 6 метрге жетеді делінсе де, «әлі шарықтау шегіне жетпеді» дейді.

Қауіпті елдімекендерде тұрғызылған бөгеттер бойында тәулік бойы кезекшілік қойылып, қосымша жаға бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Ресми ақпарат бойынша, Индер ауданында су деңгейі түсіп жатқаны байқалады Махамбет ауданында су деңгейі шарықтау шегіне жетіп, он метрден асқан.

Айнұр САПАРОВА

31 мамыр, 01:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.