немесе Неліктен біздің заңды шетелдік компанияның кеңесшісі шығарады
Нұрлан Қаппаров. Сурет www.kursiv.kz сайтынан алындыТаяуда үкімет отырысында қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан ҚАППАРОВ биылғы жылдан бастап өндіруші, энергетикалық және өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған парник газдерінің шығарындылары бойынша асып кеткен квоталар үшін айыппұлдар салуды биылғы жылдан 2014 жылға қалдырып, айыппұл санкцияларын 10-нан 5 АЕК-ке (шығарындылар бірлігі үшін) дейін азайту туралы мәселе көтерді.
ОЛАРҒА ЗАҢ ҰНАМАЙДЫ
Еліміздің бас экологы үшін осындай мәлімдеме жасау себебі оғаш боп шықты. Қатаң табиғат қорғау санкциясына қарсы ірі мұнай компаниялары, атап айтқанда, қоршаған ортаны қазіргі және болашақтағы басты ластаушылар - ТШО мен НКОК қарсылық білдірді. Олардың пікірінше, экология үшін күрес бюджетке миллиардтаған төлемдерді қарапайым өндіріп алу әрекетіне айналған. Бұл айыппұлдардың қоршаған ортаны қалпына келтіруге жұмсалатындығын растауға мүмкіндік беретін механизмдер мен ақпараттар жоқ.
Қазақстандық мұнай-газ саласындағы заңгерлер қауымдастығының президенті әрі«Шеврон» корпорациясының еуразиялық бөлімшесінің басқарушы құқықтық кеңесшісі Жұмагелді ЕЛУБАЕВТІҢ экологиялық заңнаманы реформалау жөніндегі жұмыс тобының төрағасы боп табылатындығы одан әрі қызықты боп көрінді. Мүдделердің тартысы қалай болмақ? Елубаев «АЖ» оқырмандарына «көше жұртшылығының», яғни, сіз бен біздің қоғамдық тыңдауларға қатысуына қарсылық білдірген адам ретінде белгілі («АЖ», №17, 25.04.13 ж. «Мыстандар туралы аңыз және көшеден келгендер»; «АЖ», №22, 30.05.13 ж. «Елубаев мырза, бұл - заңға қайшы!» жарияланымдарын қараңыз). Үстіміздегі жылы 30 мамырда Астанадағы экологиялық форумда Елубаев:
- Қолданыстағы заңнаманың басты кемшілігі – оның мақсаты ластанған қоршаған ортаны қалпына келтіру боп табылмайтындығы, - деп мәлімдеген еді.
Жұмагелді Елубаев“Деккерт” заң фирмасының басқарушы серіктесі Мак КЕННЕТТІҢ айтуынша, қолданыстағы экологиялық заңнама белгілі бір зиянды заттар үшін табиғат пайдаланушыларды үш мәрте жазалайды екен. Бұлар: салықтар, әкімшілік айыппұлдар мен зияндарды өтеу.
- Алайда Қазақстанда олар басқа елдерге қарағанда басқаша қолданылады. Нормативтен тыс шығарындыларға салынатын салық рұқсат етілген шекті норма шеңберінде шығарындыларға салынатын салық мөлшерлемесі бойынша 10 есе көлемде салынады. Осындай 10 есе көлемдегі мән салыстырмалы елдердің бірде біреуінде жоқ. Қазақстандық заңнамаға сәйкес, әкімшілік айыппұлдар мен зиянды өтеу төлемақысы жеке алынады, - деді Кеннет Астанада өткен сол форумда.
Оны «НКОК» компаниясының басқарушы директоры Пьер ОФФАН қолдады:
- Біздің консорциум кешікпей Қашағаннан мұнай өндіруді бастайды. Біз үшін жаңа экологиялық заңнаманың қандай болатындығы маңызды. Осы жайттардың барлығы компания өкілдерінің бірыңғай пікірі бойынша, елдің инвестициялық тартымдылығына кері әсерін тигізеді.
АЙЫППҰЛДАРДЫ - ТАРИФКЕ
Форумда, атап айтқанда, жаңа құрылымды – Ұлттық экологиялық қорды құру ұсынылды. Тек 2012 жылы ел бюджетіне экологиялық зиянды өндіру есебінен 29,3 млрд теңге қаржы түскен. Оның 25 миллиарды Атырау облысының еншісінде. Алайда, табиғат пайдаланушылардан алынатын барлық айыппұл Бюджет кодексіне сәйкес, республикалық бюджетке кетіп жатыр. Олар сол жерде экологияға жұмсалып жатқан жоқ. Ал ластанған ауаны облысымыздың тұрғындары жұтуға мәжбүр.
Ал 11 маусымда министр Қаппаров, жоғарыда айтылғандай, үкіметте айыппұлдарды келесі жылға қалдырып, оларды екі есеге азайтуға ұсыныс жасады. Мұнда шетелдік компаниялардың талаптары туралы бірде-бір сөз айтылған жоқ. Ол отандық бизнестің мүддесін қорғау туралы көбірек айтты. Қаппаровтың айтуынша, елде көмірқышқыл газ (СО2) шығарындыларының 70 пайыздайын «Самұрық-Қазына» компаниясының тобына кіретін кәсіпорындар шығарады екен. Ал «Қазэнерджи» қауымдастығының бас директоры Әсет МАҒАУОВТЫҢ айтуынша, айыппұл санкцияларын қолдану жылу және электр энергиясы тарифтерінің көтерілуіне әкеп соғады. Бұл сөздің астары түсінікті: экологиялық талаптарды азайтса... халық ұтады дегенге саяды. Бұл жерде газдың ғана емес, бопсалаудың да иісі шығып тұр ғой.
СОҚЫР МАРҒАУ СЕКІЛДІ
Атырау ҮЕҰ-ры экологиялық заңнаманы реформалау неліктен жұртшылықтың пікірінсіз шешілетіндігіне наразы. Ірі жобалардағы әжептәуір экологиялық заң бұзушылықтарға қарамастан, неліктен ҚОҚМ мен үкімет оларға рұқсат беріп отыр? Осы туралы Жайық-Каспий Орхусс орталығында жақында өткен дөңгелек үстелде әңгіме болды.
- Газ-химия кешенінің Бірінші кезеңінің қоршаған ортаға әсерін бағалау жөніндегі жұртшылық тыңдауында біз жобадан көп кемшіліктер таптық, - дейді ҚР ҒА академигі Мұфтах ДИАРОВ, - Еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) аумағында екі кезеңнен бөлек, тағы 4 зауыт салынатындығын бізге бір уақытта мәлім етті. Ал олардан өндірілетін шикізаттан ЕЭА аумағынан дайын өнім шығаратын тағы 20 зауытқа дейін салуға болады екен. Мұның бәрін жұртшылықтың пікірін, өңірдегі экологиялық ахуалды ескерместен, үкімет өз еркімен шешім қабылдап жасап отыр. Әр аумақтың өзгертуге болмайтын өз экологиялық сыйымдылығы болады. Үкімет әр жердің экологиялық сыйымдылығын анықтауы тиіс. Жаңа өндірістер қызмет етуші өндірісті ескере отырып салынуы тиіс. Өйткені облыстағы әрбір қызмет ететін өндірістен шығатын шығарындылардың құрамында өзара ұқсас 5-6 компоненттерге дейін болады. Ауада қосылғаннан кейін олар химиялық компоненттердің жиынтығын құрып, анағұрлым зиянды заттарға айналады. ҚОҚМ мен үкіметке осы мәселені зерттейтін уақыт жетті. Онсыз біз соқыр марғаумен бірдейміз.
«Глобус» ҮЕҰ жетекшісі Галина ЧЕРНОВА өндірістің кезекті кеңейтілуіне қарамастан ТШО-ның санитарлық-қорғаныс аймағын кеңейтуді жоспарламай отырғанына назар аудартты. Ал қоршаған ортаға әсерді бағалауды бүкіл өндірістің қоршаған ортаға тұтас әсерінің есебінсіз, әрбір жаңа енгізілген зауытқа дайындайды. «Шеврондағы» кеңесші мырза мен министр мырза экологиялық заңнаманы реформалау кезінде осы жайттардың барлығын ескерер ме екен?
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА