Атырау қаласының тұрғындары электр энергиясының тарифі едәуір қымбаттап кеткеніне алаңдаулы. Желтоқсан айы үшін келген түбіртектерде электр энергиясының бағасы айтарлықтай өскенін байқаған халық бұл өзгерістерге наразылық білдіруде.
Тариф қаншалықты өсті?
Тұрғындардың айтуынша қараша айында тариф 11,83 теңге болса, желтоқсанда 17,92теңгеге дейін көтерілген. Кейбір тұрғындар, мысалы, Елена Черняховская, ай сайынғы төлемнің 21 000 теңгеге жеткенін айтып, «Атырау-Жарық» өкілдерінен түсініктеме сұрауда. Алайда, тұтынушылар сұрақтарына нақты жауап ала алмай жатқанын жеткізді.
Атырау энергокешенінің мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап, Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің шешімімен электр энергиясының жаңа тарифтері енгізілген. Яғни бұрын тұтынушы тұрғындар үшін тариф кВт/сағатына қосымша құн салығынсыз 10,56 теңге болса, енді ол 16 теңгеге жетіп, 52 пайызға өскен.
1 желтоқсаннан бастап электр энергиясы үшін тариф
Бағаның өсу себептері
Энергокешеннің мәліметіне сүйенсек, тарифтердің қымбаттауының бірнеше негізгі себебі бар:
Энергия бағасының артуы: 2024 жылдың 1 наурызынан бастап бірыңғай сатып алушының болжамды бағасы 12,70 теңгеден 13,50 теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ, Ресейден келетін электр энергиясының бағасы яғни «Интер РАО» ПАО-ның тарифтері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 5,82-ден 6,3 ресейлік рубльге дейін қымбаттады.
Электр қуатының дайындық қызметі: 2024 жылдың басынан бастап баға 73%-ға өсіп, 1 МВт үшін қосымша 505 956 теңгеөсімді құрады.
«KEGOC» АҚ тарифтері: Ұлттық электр желісін пайдалануға, техникалық диспетчерлеуге және тұтыну теңгеріміне арналған қызметтердің құны 3%-дан 6,7%-ға дейін өсті.
«Атырау Жарық» АҚ қызметтері: Электр энергиясын жеткізу бағасы 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап 6,55 теңгеден 9,96 теңгеге дейін қымбаттады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ