Атырауда қоғам белсенділері «Атырау-Жарық» АҚ тарифін көтеруге қатысты қоғамдық тыңдау мерзімін кейінге шегеруге қол жеткізді.
24 сәуірде Уәлиханов көшесіндегі «Атырау-Жарық» кеңсесінің залында Атырау облысында электр энергиясы тарифін көтеру себептері туралы қоғамдық тыңдау өтті.
Тыңдау басталғанда-ақ залға көп болып кірген қала тұрғындары өкілдері жиналысты өтпеді деп тануды талап етті.
- ...Қазір ынталандыру әдісі енгізілуде, бұрын шығынмене жұмыс жасаған едік, - деп бастады сөзін компания президенті Мейірбек ҒҰБАШЕВ, сол кезде залдан алғашқы наразылықтар естілді.
- ...Былтыр кәсіпорындағы орташа жалақыны 20 пайызға өсірдік. Биыл тағы 20 пайызға өсіреміз. «Көкарна», «Нұрсая», «Жұмыскер» ықшамаудандарында 2006 жылы құрылысы басталған ірі қосалқы стансалар салынады. Олар бізге сенімгерлікпен берілді. Қазақстан бойынша ең төмен тариф бізде. ҚР Президенті өңірлердегі тарифтерді теңестіруді тапсырды. Орта есеппен бұл бір киловатт үшін 25 теңге, - деп жалғастырды «Атырау-Жарық» басшысы.
«Жүйкені тоздырып отыр», - деді залда отырғандардың бірі. - Жарты жыл бұрын тарифті көтерді ғой!»
«...Демек, бізден ақшаны заңсыз алды. «Энергосату» сияқты делдал компанияларды тез арада жою керек!» – деп айқайлады адамдар.
- Құрметті тұрғындар! Біз табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасымен Қазақстан бойынша «Энергосату» фирмаларын тарату туралы заң жобасын талқыладық. Ол зерделенетін болады. Қазір бұл тарифтің 2021-2025 жылдар аралығында бекітілгенін айтқым келеді.
Атырау тұрғыны Рузия КҮЗЕНБАЕВА облыста төтенше жағдай жарияланған кездегі монополистің әрекетіне күмән келтірді: «Бұл қалай? Халық суға батып жатқанда, сіздер тарифті көтереміз дейсіздер. Бұған дейін де ескертпей көтердіңіздер. Жарық үшін көп төлеу керек екенімізді түбіртектен білдік...».
«Неге маған төлем үшін үш шот жіберілген және әр ай үшін тарифтер әртүрлі» – деп ызаланды байырғы тұрғын ӘЛЖАНОВ қалтасынан жарық есепшотының түбіртегін шығарып.
«...Төлемей көр: әр айдың 25-інен кейін жазалаушы жасақ шығып, қарызын өтемегендерге айыппұл салады».
«Қазір инвестициялық бағдарлама үшін құрылтайшылар емес, тұрғындар төлеп жатыр!» – деп залдан тағы да айқай естілді.
«Мен кәсіпкермін, жақында 470 мың теңге төледім. Сіздер бәрін әдемі етіп айтасыздар, бірақ іс жүзінде бәрі басқаша. Бұл осында келмек болған тұрғындардың 10 пайызы ғана. Ал бұл қоғамдық тыңдау өтетін ғимарат емес!», – деді келгендердің бірі, тарифті көтеру мәселесін талқылағысы келетіндерге залдың тар екенін меңзеп, – Оның үстіне мұндай шаралар жұмыс уақыты қызған күні емес, демалыс күндері өткізілуі керек.
Айтпақшы, сөзінің жаны бар, пікірін білдіргісі келгендердің бәрі бірдей залға сыймай, көпшілігі далада тұр.
Айта кететін жайт, бұл шара тыңдауға аса ұқсамады және «Атырау-Жарық» басшылығының тұрғындардың осылайша қызу теріс пікір білдіргеніне дайын болмағаны анық. Диалог пен талқылау нәтиже бермей, біраз уақыттан кейін адамдар есікке қарай қозғала бастады.
Жиналыстың нәтижесі – тыңдау белгісіз күнге кейінге шегерілді.
Тыңдаудан кейін М.Ғұбашев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында:
«Былтыр өңірде не болғанын өзіңіз білесіз. 3 шілдеде Атырау, Маңғыстау, Орал қалаларында авариялық жағдай болды. Содан кейін SCADA деген комплекс бар, соны қондыру керек деп, мемлекеттен тапсырмалар болды. Ал оның шығынын бес жылға бөліп, тарифке қосып отыр. Бұл KEGOC жүйелік операторымен келісілген – бұл да тарифке енгізілген. Бұл өте қымбат комплекс. Ол авариялық жағдай болғанда пайдаланылады. Бұрын ол тарифке әсер ететін болған соң орнатылмады. Қазір ынталандыру тарифі, ал бұрын шығындарға негізделген тарифтік әдіспен жұмыс істедік».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
«Азаттық радиосының» бейнежазба скриншоты