Атырау, 22 қараша 21:10
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Атырау облысында дәстүрлі ат жарысы өтпейтін болды

832 просмотра

Бүгін, 16 сәуірде облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы ат бәйгесін ұйымдастыру және өткізу лотының күшін жойды.

БАҚ-та су тасқыны кезінде ат бәйгесін өткізуге жұмсалған миллиондаған шығындар орынсыз деген жағымсыз пікірлерден кейін іс-шарадан бас тарту туралы шешім қабылданған. Сыбайлас жемқорлықты тергеу қор-бюросы өзінің Telegram-арнасында бұған бірінші болып назар аударды.

Бәйгені ұйымдастырушыларға конкурс өткізу туралы хабарландыру мемлекеттік сатып алулар сайтында 20 наурызда, ал конкурстық құжаттамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін 9 сәуірде жарияланған.

Бұл мақсатқа Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы 54,5 млн теңге бөлді. Бюджет өткен жылдың соңында бекітілген. Өтініштерді 9 сәуір мен 30 сәуір аралығында қабылдау жоспарланған. Қызмет көрсету мерзімі - шартқа қол қойылған күннен бастап 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін.

Әңгіме Аламан бәйге, Топ бәйге, Құнан жарыс, Тай жарыс деген төрт кезеңнен тұратын «Ұлы дала тұлпары» атты облысаралық бәйге туралы болып отыр. 

«АЖ» бұл жағдай туралы айтып беру үшін басқарманың қаржы-экономикалық бөлімінің басшысы Тілекқабыл ЕСДӘУЛЕТОВКЕ жүгінді. Оның айтуынша, басқарма басшысы Атырау облысындағы төтенше жағдайға байланысты лоттан бас тартуды тапсырған. Сондай-ақ ол мұндай шешімнің БАҚ пен әлеуметтік желідегі резонанстан кейін қабылданғанын растады.

– Бұл лот облыстағы төтенше жағдайдан бұрын жарияланып, бюджеті өткен жылдың соңында бекітілген. Жеңімпазды анықтап, төтенше жағдай аяқталғаннан кейін өткізе алар едік. Ал енді, бәйге мүлде өтпеуі де мүмкін – бәрі аймақтағы жағдайға байланысты. Бәйге өткізуден бас тарту туралы шешім БАҚ-та жаңалық шыққаннан кейін қабылданды, - дейді Т.Есдәулетов.

Оның айтуынша, ат бәйгесі облыста жыл сайын өткізіліп тұрады. Өткен жылы да 54,5 миллион теңге бөлініп, оның 8 миллионы ғана игерілген. Қалған сома бюджетке қайтарылған. Жарыс жылдың аяғында өтіп, ауа райы суыта бастағандықтан, жарыстың бір кезеңін ғана өткізу мүмкін болған.

Естеріңізге салсақ, 7 сәуірде Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. 

Айта кетейік, еліміздің бірнеше өңірінде төтенше жағдай жариялануына байланысты Астана халықаралық форумы мен 25-26 сәуірге жоспарланған машина жасаушылардың ХІІ форумы өтпей қалды. Сондай-ақ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге кететін шығындар мен Қазақстанның Токиодағы Дүниежүзілік көрмесіне қатысу бюджеті де қысқартылды.

Шешім «жойқын су тасқыны салдарын жою және ел азаматтарына көмек көрсету үшін қаржы ресурстарын үнемдеу қажеттілігіне» байланысты қабылданды. Айтпақшы, форумдар 2025 жылға шегерілді.

Айнұр САПАРОВА

17 сәуір, 00:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.