14 сәуір күні Махамбет ауданы Жалғансай округі әкімінің сайлауы өтті. Бір күннен кейін, яғни 15 сәуір күні бір топ адам мәдениет үйінің алдына жиналып, сайлау әділ өтпегенін айтып наразы болған еді. Сонымен дау неден туды?
Махамбет ауданы әкімдігінің мәлімдеуінше, әкім сайлауына о баста төрт үміткер түсіп, кейін біреуі өкілеттігін қайтарып алған. Қалған үш үміткер Нұрғали АРУЕВ, Асылжан ҚАЙЫРҒАЛИЕВ, Ғибрат МЫРЗАҒАЛИ үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, өз бағдарламасымен таныстырған болатын.
Айта кету керек, Ғ. Мырзағали Жалғансай округінің әкімі болып төрт жылға (2020 жылдан бері) сайланған.
Жалғансай округі бойынша сайлаушылар тізіміне (жалпы халық саны 1236) 744 азамат енгізіліп, олардың 314-і дауыс беруге қатысқан. Жарамсыз бюллетендер саны-43, «бәріне қарсымын» белгі салғандар саны-7. Сайлау қорытындысымен Н. Аруев 16, А. Қайырғалиев 142, ал Ғ. Мырзағали 106 дауыс жинайды. Сөйтіп сайлау қорытындысымен 1982 жылы туған, Махамбет аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А. Қайырғалиев басымдық танытады.
Бірақ бұрынғы әкім Ғ.Мырзағали сайлаудың өз дәрежесінде өтпегенін айтты.
- Мен бұл сайлауға өзімді ұсыну арқылы үміткер ретінде тіркелген болатынмын. Жасыратыны жоқ, кейбіреулер менің бұл сайлауға қатыспағанымды қалады. Бірақ оған қарамастан қатысуды ұйғардым, себебі төрт жыл әкім болғанымда кейбір жоспарлы жұмыстар аяқталмай қалған еді, соны жалғастырып бітіруді көздедім. Жалпы бұл сайлау әділ өткен жоқ, біріншіден Атырауда төтенше жағдай жариялануына байланысты кейінге қалдыруға болатын еді. Өйткені қазір сайлаудың емес, тасқын судан қалай қорғанып сақтану жөнінде облыста зор шаралар өтуде. Осы себептен сайлауға қатысатын кейбір сайлаушылар су тасқынынына байланысты далалықта жүр. Екіншіден, қалайша 43 бюллетень жарамсыз болады? Мүмкін олардың көбі маған дауыс бергендіктен жарамсыз қатарына жатқызылған болар. Сол себептен дауыс беру нәтижелері бойынша жарамсыз деген бюллетендерді зерделеу арқылы нақты санын шығару және осы хаттаманың күшін жою жөнінде сотқа талап арыз бердім. Бірақ сот бұл талабымды қанағаттандырусыз қалдырды. Бірақ үш күн уақытымда аппеляциялық шағым беруді ұйғарып отырмын, - дейді Ғ. Мырзағали.
15 сәуірде бір топ адам жиналып, бұрынғы әкімнің өз жұмысын жалғастыруын талап етті.
- Ғибрат жұмыскер, ауылымыз жылдан-жылға көркейіп келеді. Жоспарлаған жұмыстары да бар. Сол себептен оның әкім болуын қалаймыз, бізге басқа адамның керегі жоқ, - дейді жиналғандар.
- Сайлауды әділ өтпеді дейді, мұнымен келіспеймін, бәрі заң шеңберінде өтті. Ғ. Мырзағали Жалғансай ауылында төрт жыл әкім болды. Кешегі сайлауда басымдық танытқан А.Қайырғалиев та өз ісін жақсы білетін маман. Мырзағали сотқа жүгінгенімен, талап арызын қанағаттандырусыз қалдырды ғой, егер апелляция берсе, қорытындысы шықпай ауыл әкімін тағайындай алмаймын, - дейді аудан әкімі Қайрат НҰРЛЫБАЕВ.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы "АЖ" сауалына мына тұрғыда жауабын жолдады:
«Махамбет ауданы Жалғансай ауылдық округі әкімінің сайлауын өткізу оның төрт жылдық өкілеттік мерзімінің аяқталуына орай 14 сәуірге тағайындалып өткізілген еді. «Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес облыс әкімінің 2024 жылғы 7 сәуірдегі №3 «Табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» шешімінің жариялануы су тасқынын алдын алу мақсатындағы жұмыстарды ұйымдастыру мақсатындағы шешім. Осыған байланысты Жалғансай округі әкімі сайлауын заңсыз деп тануға негіз жоқ. Себебі, ҚР сайлау туралы конституциялық заңда және «Азаматтық қорғау туралы» заңда төтенше жағдай кезінде сайлауды болдырмау немесе кейінге шегеру нормасы көзделмеген. ҚР «Төтенше жағдай туралы» заңының 5-ші бабына сәйкес төтенше жағдай (черезвычайное положение)» ҚР Призидентінің тиісті жарлығымен енгізіледі және аталған заңның 15 бабы 1 бөлімі 9 тармақшасына сәйкес ТЖ енгізілген жергілікті жерде ол қолданатын бүкіл кезең ішінде сайлау және республикалық референдумдар өткізуге тиым салынады. Ал бүгінгі күнде ҚР Президентінің тиісті жарлығымен қабылданған ТЖ жарияланған жоқ».
Ләззат ҚАРАЖАНОВА