Атырау, 24 қараша 22:42
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тұрпа қандай балық?

977 просмотра

Соңғы жылдары қала базарларының сөрелерінде қаракөзге ұқсайтын, бірақ одан сәл үлкенірек балық пайда болды. Кейінірек бұл балықтың тұрпа (рыбец) деген қызық атауы бар екені белгілі болды. Балықтың бұл жаңа түрі қандай екенін «АЖ» тілшісіне «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» Атырау филиалының директоры Ерболат ҚАДИМОВ айтып берді. 

– Каспий тұрпасы бұрын Каспий теңізінің оңтүстік бөлігінде ғана кездесетін. Бұл үш жасында жетілетін балық түрі. Аналығы сол жастағы аталықтарға қарағанда ірі болады. Балықтар теңізден қоныс аударатын тұщы өзен суларында тек көбею кезеңінде (үш ай) уылдырық шашады. Тұрпа уылдырығын қамыстың тамырына салады. Уылдырық шашқаннан кейін тұрпа бірден теңізге оралып, келесі уылдырық шашу маусымына дейін қоң алады.

Ғылыми қызметкерлер 2020 жылдың қысында әуесқой балықшылардан бірен-саран түскен тұрпа балығын тіркеді. Алдағы екі жылда балықшылар аулаған балық бойынша сауалнама жүргізген кезде тұрпа балығы қыста 7,3%, көктемде – 2,4%, жазда – 8,7% құрады. Оның ұзындығы 21-ден 28 см-ге дейін, орташа алғанда 24,3 см-ге дейін, салмағы 129-дан 366 г-ға дейін, орташа салмағы 246 г.

Кез келген балық түрін ұстау көлемдері (лимиттері) олардың кәсіпшілік қорының жағдайына және көбею әлеуетіне қатысты көпжылғы деректерге негізделген. Осыған орай, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің Атырау филиалы 2021-2023 жылдардағы үш жылдық ғылыми зерттеу материалдары негізінде Жайық өзеніндегі балық аулау тартымдарында рұқсат етілген балық аулау көлемін 2024-2025 жылдарға 10 тоннадан астам көлемде негіздеді.

Өткен жылы Каспий теңізінде тұрпа аулау лимиттерін анықтауға қатысқан «Қазақстан қолданбалы экология агенттігі» ЖШС-дегі әріптестеріміз тұрпаны рұқсат етілген аулау көлемін 200 тоннадан астам деп негіздеді. Осылайша, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен балық аулау лимиттері бекітілгеннен кейін 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап облыстың балық өндіретін кәсіпорындары рұқсатта көрсетілген мөлшерде тұрпаны аулау құқығына ие болады.

– Каспий теңізіндегі атыраулық балықшылардың ау құралдарына облыстың су қоймаларында бұрын-соңды байқалмаған балықтар – дөңмаңдай, ақ амур және тұрпа балығы түсіп жүр дегенді жиі естимін.

— Біз бұл құбылысты кездейсоқ түскен балық деп атаймыз. Балық аулау қағидаларының 8-тармағына сәйкес, рұқсаттарда көрсетілмеген балық түрлері мен басқа да су жануарларының және белгіленген кәсіпшілік мөлшерден кем балықтың кездейсоқ түскені ұяшықталатын аулау құралдарында ауланған балықтың 8 пайызынан және сүзгіш аулау құралдарында ауланғанның 5 пайызынан аспайтын көлемде жүзеге асырылады. Осылайша, балықшылардың кездейсоқ аулағаны аталған көлем шегінде болса, жоғарыда аталған балық түрлерін аулай алады. Алайда, бұл ауланым бүгінде деректермен расталмайды, өйткені осы уақытқа дейін балық шаруашылығы субъектілері тарапынан кәсіпшілікпен балық аулау журналдарында кездейсоқ ауланым және жүгіну деректері тіркелген жоқ. Ал балық өндіруші кәсіпорындардың мұндай фактілерді тіркеуі осы балық түрлерінің мекендеу ортасын, олардың шоғырлануын талдау, өлшемі мен салмақ сипаттамаларын, өрістеу уақытын және олардың кәсіпшілік қорының жай-күйін бағалау және аулау шегін негіздеу үшін басқа да параметрлерді анықтауға қосымша материал болар еді.

- Тұрпаға қатысты бәрі түсінікті, ал әуесқой балықшыларға ақ амур мен дөңмаңдайды аулауға рұқсат бар ма?

– 2021-2023 жылдары жүргізген зерттеулеріміз Жайық және Қиғаш өзендері бойында балықшылардың барлығы дерлік рұқсатсыз әуесқойлықпен балық аулайтынын көрсетті. «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» ҚР Заңының 26-бабының 2-тармағына сәйкес, жануарлар дүниесiн жалпы пайдалану, оның ішінде бір балықшы бір шыққанда бес килограмға дейін алып шыға отырып, балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерiнiң резервтiк қорында әуесқойлық (спорттық) балық аулау қандай да бiр рұқсатсыз жүзеге асырылады.

Сәйкесінше, ҚР-да сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерінің тізбесіне кірмейтін ақ амур, дөңмаңдай және тұрпаны қоса алғанда, әуесқой балықшылар бір шыққанда бір балықшыға бес килограмм нормадан асырмай балық аулай алады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

12 сәуір, 15:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.