"АЖ" тілшісі Индер, Махамбет, Құрманғазы аудандарындағы су тасқынына дайындық жұмыстарымен танысып шықты.
ИНДЕР ауданы
Ресейдің Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне жіберілетін су Қазақстан аумағындағы Батыс Қазақстан облысы арқылы Атырауға Индер, Махамбет аудандарының аумағымен ағып келеді. Биыл су қоймасынан бірнеше есе су келеді деген есеп жасалып отыр. Жалпы Индер ауданы бойынша барлығы 7 ауылдық округте ұзындығы 17 850 метр болатын қорғаныс бөгеттері бар. Негізінен қауіпті аймаққа Жарсуат ауылы мен Құрылыс елді мекені кіреді. Бұл аумақта бөгеттің 10500 метрі орналасқан. Сондықтан осы маңдағы бөгеттерді биіктету жұмыстары қызу қолға алынған еді. Бөгеттерді 4-4,5 метрге дейін биіктете көтеру жұмыстары жүріп жатыр.
- 5 сәуірден бастап Жайық өзенінің деңгейі жәймен көтерілуде. Бүгінде ауданда бөгеттерді биіктету, жаға нығайту, құм толы қаппен бекіту жұмыстары күшейтілген режимде атқарылып келеді. Алдымен қауіпті деген бөгет тұстары сараланды. Жарсуат ауылының 4,6 км бөгеттің 2,1 км бөгетті көтеру, Құрылыс ауылында кезінде ағынды судың әсерінен пайда болған үлкен жыра бітелді. Барлық учаскелерде 49 арнайы техника бөлініп, құрал-жабдықтармен қамтылса, қосымша 19 техника тартылмақшы, - дейді аудан әкімі Дарын ШАМҰРАТОВ.
Тасқынға дайындық жұмысына 300-ден астам адам жұмылдырылып, 30 мыңға жуық құм толы қап дайындалған.
МАХАМБЕТ ауданы
Аудан бойынша елді мекендердің судан қорғану бөгеттерінің жалпы ұзындығы 80 км. Жайық өзені бойында 17 елді мекен орналасқан. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше қорғаныс бөгеттерін жөндеуді қажет ететін 64 км дамбының күні бүгінде 34,2 км жөнделіп, қалғаны жалғасуда көрінеді. Аудан бойынша жаңадан салынып жатқан қорғаныс бекет ұзындығы 8,6 км. Оның ішінде Махамбетте 1,5 км, Сарытоғайда 1 км, Бейбарыста 500 метр, Сарайшықта 3 км, Талдыкөлде 2,1 км, Алғада 500 метр. Барлық елді мекеннен 1300 ерікті жұмылдырылып, олардың көмегімен 56 мың қап топырақпен қапталған. Жалпы аудан бойынша бұл жұмысқа аудан резервінен 29 млн теңге қаржы бөлініп, оған 50 тонна дизель отыны, 91 700 қап сатып алынды. Аудан бойынша бөгеттерді көтеру жұмысына 94 техника тартылып отыр.
ҚҰРМАНҒАЗЫ ауданы
Ауданда су тасқынына қарсы бөгеттердің ұзындығы 264 шақырымды (Қиғаш 158 км, Шарон 106 км) құрайды. Өзендердің бойында Көптоғай, Бірлік, Сафон, Дыңғызыл, Шортанбай, Қиғаш, Бірлік, Бөкейхан, Қиғаш, Кудряшов ауылдары орналасқан. Аудандық әкімшіліктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше Шортанбай (3,8 км), Көптоғай (1,6 км), Дыңғызыл (3,7) ауылдарына барлығы 9,1 км темір-бетонды құрылыс жұмысы қажет деп тапқан болатын. Бүгінде 1171 млн теңгеге жұмыстар басталып, мердігер «Tolagal-2050» ЖШС бөгеттің аласа жерлерін биіктетіп, құм толы топырақпен бекітуде. Өзен бойындағы ауыл маңындағы бөгеттер көтеріліп, саз топырақ төгілісе, Бөкейханда 600 метр қауіпті учаскесінің топырағын көтеріп, Дыңғызылда жол бойындағы 4 су өткізгіш құрылғысы тазаланды. Аудан бюджеті резервінен 35 млн теңге қаржы бөлініп, 10 тонна дизель отыны 35000 қап сатып алынып, бес ауылдың қорғаныш бөгеттері қалпына келтірілді.
Ауданға су Ресейдің Волгоград су қоймасынан Қиғаш және Шарон өзеніне құяды. Бұрынғы есеп бойынша 6-10 сәуір аралығында секундына 7000-7200 текше метр су келіп жүрсе, ал сәуірдің 23-де секундына 26000 текше метр келіп жүрген. Аудан әкімі Абат ЖАНҒАЛИЕВТІҢ айтуынша ахуал тұрақты көрінеді, судың көтерілуі қалыпты деңгейден аспаған. Құрманғазы ауданындағы бір ерекшелік Кеңес үкіметі кезінен бері әр отбасыға 10-20 метрден бөгет жұмыстары бөлініп берілген. Ал аудан әкімшілігі тарапынан топырақ, қапшықпен қамтамасыз етіліп отыр.
Ляззат ҚАРАЖАНОВА