Прокуратура органдары нақты елді мекендерді су басу, жолдардың, көпірлердің, гидротехникалық және елдегі басқа да объектілердің қирау себептерін анықтап жатыр, деп хабарлайды бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы, су тасқынының алдын алу жөніндегі жоспарлардың уақтылығы мен толықтығы зерттелуде. Қорытындысы бойынша әрбір уәкілетті органның қызметіне тиісті құқықтық баға беріледі.
Бүгінгі таңда прокурорлар Ақтөбе, Алматы және Атырау облыстарында сотқа дейінгі 4 тергеп-тексеру ісін бастады.
Жергілікті жерлердегі прокурорлар құқық қорғау органдарының заңдылық пен құқықтық тәртіп режимін қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіреді. Проблемалық учаскелерді қоршау және патрульдеу, азаматтардың мүлкін қорғау қамтамасыз етілген.
"Осы қиын кезеңде азаматтарды дүрбелеңге түспеуге шақырамыз, әрбір зардап шеккен отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес толық көлемде көмек көрсетіледі. Бұл мәселе прокуратура органдарының тұрақты бақылауында". деп хабарлайды ведомство.
Өтемақы алу алгоритмі Үкіметтің қаулысымен бекітілген арнайы ережелермен нақты реттелгенін түсіндіреміз.
Жергілікті атқарушы органдар біржолғы материалдық көмек төлеуге кірісті.
Жалпы, барлық уәкілетті мемлекеттік органдар мен құқықтық тәртіп органдары еріктілердің қолдауымен күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Су тасқынын оқшаулау және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
Қалыптасқан жағдай аясында халық пен БАҚ-ты жалған ақпарат таратудан бас тартуға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз. Жалған ақпаратты орналастыру, тарату әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Құқықтық сипаттағы барлық мәселелер бойынша, оның ішінде залалды өтеу бөлігінде Сіз тұрғылықты жері бойынша прокуратура органдарына жүгіне аласыз.