Атырау облысының экономикалық соты даулы жер телімін сатып алу-сату туралы келісімшарттардың барлығын жарамсыз деп таныды.
Естеріңізге салсақ, былтыр жыл соңында қала әкімдігі 20 жылдан астам уақыт бойы қолдан қолға өтіп келе жатқан жерді сату-сатып алу келісімшарттарын заңсыз деп тануды талап етіп, сотқа шағым түсірген болатын. Бұл ретте, қаланың (2002 және 2016 жылғы) екі бас жоспарына сәйкес бұрынғы қалалық саябақтың аумағы (ортақ пайдаланылатын) жасыл желектер аймағына жатады. Ал жерді иемденген кейбір компаниялардың үлестес болғаны анық.
Оның үстіне, қаланың тарихи орталығы сонау 2013 жылы мемлекет меншігіне қайтарылуы керек еді. Сот Атыраудың сол кездегі әкімін ең бастағы жер телімін беруді жоюды міндеттеді, соған сәйкес 2002 жылдың желтоқсанында қалалық саябақ әлдебір «Азимут-2002» ЖШС-не өтті. Алайда, кейін әкімдік сот шешімін елемей, ақыры осыдан төрт жыл бұрын атышулы «Атырауинжстрой-АИС» компаниясы жер телімінің иесі атанды. Ұзаққа созылған осы хикаяның егжей-тегжейі мен үнемі аумақ иелерінің ауысып жатқаны туралы мына жерден оқи аласыз.
«АЖ»-ға облыстық экономикалық сотта хабарланғандай, осы жылдың 3 сәуірінде барлық даулы сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылды. Сот учаскенің соңғы иесі «Атырауинжстрой-АИС» компаниясына сатылу дерегін заңсыз деп атады.
«Бұл іс бойынша сот Атырау облысы әкімінің атына Атырау облысының экономикалық сотының 2013 жылғы 10 маусымдағы шешімін орындамағаны үшін Атырау қаласы әкімінің әрекетсіздігі ретінде анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау туралы жеке ұйғарым шығарды», – делінген ақпараттық хабарламада, алайда әкімдердің қайсысы «әрекетсіз» болғаны көрсетілмеген.
Дегенмен интернетте сол кезде қаланы 2012-2014 жылдар аралығында Серік АЙДАРБЕКОВ басқарғаны туралы ақпарат шығады. Айтпақшы, 2002 жылы ең алғашқы жер телімін беру әкім Манас ТАСЫБАЕВ тұсында болған.
Әрине, сот шешіміне шағымдануға болады және жоғары тұрған органдар оны өзгертпесе, ол бір күні заңды күшіне енеді. Ең бастысы, кейінірек бұрынғы қалалық саябақ қалтасы қалың кезекті қожайынын ауыстырмай, шынымен жасыл желек аймағына айналсын.
Лев ГУЗИКОВ