Атырау, 25 қараша 02:32
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда су басуы қауіпті учаскелер геодезиялық құралмен тексерілуде

811 просмотра

Ириклинск су қоймасынан үлкен көлемде тасқын су келе жатқаны қала тұрғындарын әсіресе қала маңындағы елді-мекен тұрғындарын бей-жай қалдырып жатқан жоқ. Атырау қаласын тасқыннан қорғау бойынша сұрақтарға Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев әлеуметтік желіде тікелей эфирде жауап берді. 

- Расымен де Ириклинск су қоймасынан көп көлемде су жіберіліп жатыр. Әлі де жіберілетіні туралы ресейдегі әріптестеріміз хабарлады. Қазіргі таңда алдымен Орал қаласына қауіп төніп тұр. Дегенмен ол су Атырау облысымен өтіп, Каспийге құятынын жақсы білеміз. Соған байланысты ең бірінші судың кіреберісі Бесікті ауылынан бастап, Дамбы ауылына дейін жағаларды бекітіп, тиісті көтеру жұмыстарын ұйымдастырып жатырмыз. Сонымен қатар қауіпті деген учаскелерде арнайы техникалар жіберіп, қапшықтармен бекіту жұмыстары жалғасуда. Атырау қаласынан осы жұмыстарға қол күшін беріп көмектескісі келетін азаматтарға, колл орталықтары ашылды, - деді Жасұлан Бисембев. 

Айта кетейік Атырау облысын тасқыннан қорғау шаралары бойынша жақында облыс әкімі Серік Шәпкенов жиын өткізіп, 1993 жылдары облысты, қаланы, су шаруашылығын басқарған ардагерлерді жинап, сол кезде апатпен күресу бойынша қандай жұмыстар жасағаны туралы пікір алмасқан еді. 

Әкімдіктің мәліметінше, Атырау қаласына тасқын судың келуі алдағы он күндіктің шамасында болады деп болжанып отыр. 

Бисембиевтің айтуынша қазіргі кезде, қала бойынша табиғи апаттан қауіпсіз деп айтатын жер жоқ. Қазіргі кезде геодезиялық құралдармен тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Қай жерлерден су өту қаупі жоғары және қай жерлерлерге қосымша биіктету жұмыстары қажет екені бүгін геодезиялық тексеруден кейін белгілі болады. Бірақ оған қарамай қала іргесіндегі ауылдарда бөгеттерді бекіту жұмыстары басталып кеткен. 

Қазіргі кезде техникалардың тізімі дайындалып, қапшық, күрек секілді қажетті заттарды сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Осы орайда тұрғындарға тек ресми ақпаратқа сеніп, ешқандай дүрбелең туғызудың қажеті жоқ екенін айтқым келеді. Бұл жағдай 1993 жылы, оның алдында 1970 жылы, одан бұрын 1940 жылдары болған және белгілі бір уақыт салып, Жайық өзенінде болып тұратын жағдай. 1993 жылы атыраулықтар қаланы қорғап, қаланың ішіне ешқандай су кірмеген. Бірлікпен, сабырлықпен қабылдай алатын болсақ, қаланы қорғайтындай мүмкіндік бар, - деді ол. 

Атырау қаласы бойынша қауіпті аймақтар бүгін геодезиялық тексеру нәтижесінен кейін белгілі болады. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суретті түсірген автор

5 сәуір, 16:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.