Атырау тұрғыны - күйеуімнің бауыры баламды зорлады деген ана құқық қорғау органдарына тағы да шағым түсірді: бұрын зорлау туралы қылмыстық іс жабылған.
Еске салсақ, Атырауда 7 жасар баланың зорланғаны туралы оқиға өткен жылы жаңалықтар легінде жарияланған болатын. Бұл сұмдық ақпаратты жергілікті БАҚ пен блогерлер де хабарлады. Алайда, көп айға созылған іс қаралғаннан кейін, полиция департаменті нақтылағандай, «жәбірленушінің уәждері расталмағандықтан» қылмыстық іс жабылды. Зорлау фактісі туралы шақыртуға келген учаскелік полиция инспекторының кінәсінен қылмыс дәлелденбеген күйде қалды. Ол қандай да бір себептермен баланы сот-медициналық сараптамаға жібермеген, жіберген болса, зорлауға тән жарақаттар мен биоматериалдар құжатталған болар еді. ПД баспасөз хатшысының айтуынша, мұндай жағдай орын алғаны рас: осы іс бойынша учаскелік полиция қызметкеріне «қажетті құжаттарды уақтылы жинамағаны үшін» қатаң сөгіс жарияланған.
Осы уақыт бойы әйел мен оның ұлы депрессияда болғаны таңқаларлық жағдай емес: талап арыздан кейін баладан он шақты рет жауап алынды, зорлықшымен бетпе-бет келуге мәжбүр болды. Анасына күдіктінің отбасы тарапынан әлеуметтік желіде қысым көруге тура келді. Сондай-ақ ұрып-соғу, қорқыту, балағаттау да орын алып, нәтижесінде бір ай мерзімге қорғау ұйғарымы шығарылды. Жәбірленуші тарап сондай-ақ істен маңызды құжаттардың жоғалып кеткенін, сонымен бірге ұлын алдап мектептен алып кеткен сол адам тағы да сексуалдық зорлық жасағанын айтады. Осыдан кейін әйелдің жүйкесі сыр берген. «Мен басымызға түскен жағдайға басқаша қалай назар аудартарымды білмедім, мені ешкім тыңдамады. Әрекетсіздік, зорлаушының отбасының қысымы, әділетсіздік мені шектен тыс шара қолдануыма итермеледі - содан кейін мен қылмыскерді жасаған зорлығы үшін жауапқа тарту үшін дәлелдемелермен дереу айналыспаса, өзімді және балаларымды газбен уландырамын деп телефон арқылы хабарладым», - дейді әйел.
Айтпақшы, әйел газды қоспаған және оның айтуынша, бұлай істеуге мүлде ниеті болмаған - бұл жай ғана назар аудартудың бір жолы болған. Расында дұрыс жолы бұл емес еді, бірақ оның әбден шарасыз болғанын атап өткен жөн. Содан бері әйел ана болу құқығы үшін соттасып келеді. Бір қызығы, баладан айыру ісі зорлау ісін тергеумен қатар өткен.
Қала әкімдігінің қаулысымен Атырау азаматшасының ата-аналық құқығы шектелді: үлкен баласы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, екіншісі Сәбилер үйіне орналастырылуы тиіс болатын. Әйел балаларын қайтарып алу үшін бар мүмкіндігін, күшін салуға мәжбүр болды: ол қала әкімін сотқа берді, оның жанынан комиссия құрылған болатын. Қазіргі уақытта балалар анасының қасында, сот шешімді анасының пайдасына шешті.
Бірақ бұл оқиғаның неден басталғанын еске түсірейік - баланың зорлануынан. Әйел балалары үшін соттасып жүргенде, дәлелдің жоқтығынан қылмыстық іс жабылды.
«Қала әкімі арамыздағы болған сот ісіне 960 мың теңгем жұмсалды, комиссияның заң бұзып әрекет еткені сотта дәлелденсе де, судья жұмсаған ақшамды қайтару туралы өтінішімді қанағаттандырмады, - дейді мақала кейіпкері. – Белгілі себептерге байланысты мен мемлекет тегін ұсынатын адвокаттарға сенбеймін, сондықтан ақылы заңгерлерге қыруар ақша жұмсалады».
124-бап («Жас балаларды азғындық жолға түсіру») бойынша іс бір рет жабылғаны белгілі. Бұл жолы іс 121-баптың 4-тармағы («Бірнеше рет жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») бойынша ашылды, ендігі үміт тек балада (оған зорлау әрекеттерін ұсақ-түйекке дейін қайтадан еске түсіруге тура келеді), оның психологында және мұны дәлелдей алатын оның адвокатында.
Өкінішке орай, баланың анасы іс материалдарын жария етпеу туралы құжатқа қол қойғандықтан, барлық құжатты редакциямен бөлісе алмады. Дегенмен, қолымызда бір-екі құжат бар – Атырау облыстық балалар ауруханасы хирургының кезекті зорлаудан төрт айдан (!) соң жасалған 2023 жылғы ақпандағы қорытындысы.
Міне, осы құжаттан үзінді: «...Артқы өту саңылауы аймағында бұрынғы жаралар орнында пайда болуы мүмкін тыртықтар бар. Тексеру кезінде 5-6 ай бұрын пайда болған. Олардың толық жазылуына және кеш жүгінуіне байланысты олардың пайда болу себебін анықтау мүмкін емес. Тыртықтар іш қатудан немесе басқа заттардың әсерінен пайда болуы мүмкін».
Проктологтың 2023 жылғы 16 мамырдағы қорытындысында: «...Тексергенде аналь саңылауы аймағында ісіну, гиперемия, аздаған жарықтар анықталды» делінген. Анасының айтуынша, бір күн бұрын – 15 мамырда (әрі анасының туған күні) қосымша сабақтардан кейін күдікті баланы тағы да мектептен ұрлап әкетіп, көлікке отырғызып, ұзақ уақыт бойы бір жерге алып кетіп, кейін оны көліктің артқы орындығында зорлаған. Содан кейін оны мектеп ауласына әкеліп тастаған. Бала сол күні болған оқиғаны анасына айтып, келесі күні олар жеке проктологқа барған. Алайда, қазіргі қылмыстық істе проктологтың қорытындысы іске біріктірілмеген.
Сондай-ақ зардап шеккен тараптың адвокаты полицейлердің әрекетіне қатысты прокуратураға шағымданғаны белгілі. Оның айтуынша, жауап алу кезінде баланың құқықтары бұзылып, балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылықпен айналысатын мамандар тартылмаған.
- Маған тағы да мемлекеттік қорғаушы қызметін ұсынып жатыр, - дейді әйел. – Қазіргі уақытта бұл істі қолға ала алатын адвокат бар. Кейбір себептерге байланысты оның қызмет сомасын көрсете алмаймын. Ақшаның бір бөлігін төледім, бірақ барлық тиісті ақшаны төлеуге мүмкіндігім жоқ.
Екі баламды жалғыз өзім тәрбиелеп жатырмын, анамның ипотекалық пәтерінде тұрамын, жетіспейтін соманы табу қиын. Психологтың қызмет ақысын да төлеуім керек. Бір сағатқа 7 мың теңге сұрайды. Ұлымда психологиялық жарақат бар болғандықтан, тағы қанша сағат төлеу керектігім белгісіз.
Психолог мұны растайды: «Басынан кешірген зорлық-зомбылық туралы айту және еске түсіруге тырысу оны қатты күйзеліске ұшыратады. Бала үнемі бірдей түс көреді, зұлым көкесі үлкен бензопиламен оның артынан жүгіреді, содан кейін бала қайығы бар өзенді көреді. Ол осы қайыққа секіріп мінеді, ол баланы қауіпсіз қашықтыққа алып кетеді. Бірақ қайық аударылып, бала суға құлайды. Судың түбінде ол тағы да көкесін көреді, ол оны су түбіне тартады. Бала оның ауырлығын сезінеді, оған ауа жетпей тұншығады.
Бала шошып оянып, жылайды. Бұл жағдайда бензопиланың фалликалық символ екеніне күмәніңіз болмасын».
...Сонымен, зорлық-зомбылық ісі қайтадан тергеушілердің қолында, баладан қайтадан жауап алынады. Осындай жауап алудың бірінде, анасының айтуынша, ол еденге жатып алып, сұрақтарға жауап беруден бас тартқан. ПД ғимаратынан шығып бара жатып, ол анасынан: «Анашым, мен неге мұның бәрін жиі айтуым керек? Олардың бәріне? Қайта-қайта? Олар маған сенбейді ме?» деп сұраған.
Полиция департаментінен кәмелетке толмаған жәбірленушіге қатысты іс қай сатыда екенін нақтыладық: «Полиция департаментінің қылмыстық істер жөніндегі тергеу басқармасы бұл факті бойынша 121-баптың 4-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», - деп жауап берді ПД тергеу басқармасының бастығы М.БЕКТҰРҒАНОВ.
Жақын күндері бала тағы да қосымша сот-психиатриялық сараптамадан өтуі керек. Оны Атырау облысы бойынша сот сараптамасы институтының сарапшылары онымен онлайн жұмыс істеген сол психологтың қатысуымен жүргізеді.
Жарияланар алдында баланың анасы тағы да тілшіге хабарласып, бұл психологты үшінші тұлға болғандықтан сараптамаға қатысуы жоспарланбағанын айтты.
- Мен бұл психологқа сенемін, ол балама жақсы көмектеседі, балам оған сенеді, мен де оған сенемін, бірақ бүгін маған оны сараптамаға қоспайтынын айтты. Мен үшін бұл бала құқығының бұзылып жатқанын білдіреді. Оның үстіне, бұл әрекеттер 2024 жылғы 13 наурыздағы Атырау облыстық ПД тергеу басқармасының тергеушісі А.ҚАБДУЛ қол қойған сот-психиатриялық сараптаманы да осы психологтың қатысуымен өткізу туралы қаулысына қайшы келеді, - дейді анасы, - сараптамаға қатысатын психологпен біз әуел бастан тіл табыса алмадық, менің субъективті пікірімше, ол балама көмектесуге мүдделі емес, мен оған сенбеймін.
Мысалы, бүгін: психолог балам орыс тілді бола тұра, онымен қазақша сөйлесе бастады. Орыс тілінде сөйлеуін өтінгенімде, ол ана тілінде сөйлейтінін және оған құқығы бар екенін айтты. Мен оған қазақша ең алдымен бала оған сене бастауы үшін оны түсінуі керек, ол үшін оған біраз жеңілдіктер жасауына болатынын айттым. Алайда ол қаламады. Өз қаулысында баламның психологиялық жарақаты жоқ деп жазған психолог осы. Біздің тәуелсіз психолог өз зерттеулерінде зорлық-зомбылық жарақаты бар екенін растады, бірақ енді ол сараптамаға қатыспайды.
Әйел редакциядан Атырау қаласының тұрғындарына арнаған үндеуін жариялауды сұрады:
«Құрметті жерлестер!
Мен, ең алдымен, әр кезеңде процеске қатысушылардың барлығының маған көмектесуге құлықсыз екеніне назар аудартқым келеді. Кәмелетке толмаған баламның құқығы үнемі бұзылады.
...Кінәліні жазалау әрекетінен бас тарта алар едім, өйткені болған нәрсе болды. Мен бұл сұмдықты ұлымның жадынан өшіруге тырысар едім. Ештеңе болмағандай кейіп танытып, өмірімізді жалғастыра алар едік. Бірақ осы ой келген сайын баламды зорлаған педофилдің әлі бостандықта жүргені есіме түседі және баламды тынышына қалдыратынына нақты сенімім жоқ.
Осы жауап алулардың бәрінен соң, қылмыстық іс қайтадан жабылады деп күдіктенемін – өйткені биологиялық материалдар жоқ, ал іс 120-бап («Зорлау») бойынша емес, 121-баптың 4-бөлімі («Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») бойынша қозғалды.
Маған адвокатқа ақша жинауға және ұлыма психолог қызметін төлеуге көмектесіңіздерші. Тілшіге айтқанымның бәрі рас, мен бұл істің Атыраудан тысқары Бас прокуратура мен Атырау облысының прокуроры Бауыржан ЖҰМАҚАНОВТЫҢ назарына түскенін қалаймын.
Мен бар болғаны зорлаушыны жауапқа тартқым келеді. Оны менің баламнан, сіздің балаларыңыздан оқшаулауға көмектесіңіздерші – олардың қайсысы оның келесі құрбаны болатынын бір Алла біледі».
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Анасының туысының карта деректері:
АО Kaspi Bank
CASPKZKA
KZ07722C000016070506
Карта номері 4400 4302 6340 9804