Атырау, 25 қараша 06:33
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Үлескерлер үшін мемлекеттік кепілдіктер: үміт пен ақиқат немесе Астанада салынып жатқан JM City Dom-Park тұрғын үй кешенінің хикаясы

Сурет
1 177 просмотра

Астанада салынып жатқан JM City Dom-Park тұрғын үй кешенінің үлескерлері «АЖ» редакциясына хабарласып, құрылыс салушы атыраулық JM Capital компаниясымен (бірнеше көпсалалы компанияларды қамтитын холдинг жергілікті тұрғындарға Атыраудағы «New City» тұрғын үй кешені арқылы белгілі) кездесуге қатысуды өтінді. Құрылыс салушы Астанада салынып жатқан үйді осы жылдың қаңтар айында тапсыруы керек еді. Бірақ тұрғындар әзірге қоныстой жасай алмайды – өйткені олар жоспардан 513 күнге артта қалған. Бір жақсысы, үлескерлердің салымын мемлекеттің бірыңғай операторы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ (ҚТҮК) сақтандырған. Бірақ бұл жерде де қиындықтар туындады.

Құрылыс салушы Астанада көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысын 2021 жылы бастаған. Тапсырыс беруші «Garant Investment» ЖШС директоры Азамат ЛҰҚПАНОВ, онымен үлескерлер үлестік қатысу туралы келісімге қол қойып, осы уақыт бойы байланыста болған. Мердігер – «Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС. Екі компания да JM Capital еншілес компаниялары.

Жоба бойынша тұрғын үй кешені 12 және 16 қабатты блоктардан тұрады. Барлығы 12 блок бар.

Бірақ құрылыс салушының Қазақстандық тұрғын үй компаниясының жеті блокқа ғана кепілдігі  бар.

Кездесуге ҚТҮК және МСҚБ өкілдері де қатысты. Салымдары «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-да сақтандырылған осы жеті блоктың үлескерлерімен кездесу өтті. Кезінде осы факт көпшілікті тәуекелге баруға және үлестік қатысуға қаржы салуға итермелеген еді.

Бастапқыда 120 үлескер болғанымен, кейбірі салған қаражатын кері алған. Қазір 89 үлескер қалды – көпшілігі басқа өңірден көшіп келгендер, бюджет қызметкерлері, зейнеткерлер де бар, көбі ипотека алған, қазір пәтерақысын төлеумен қатар несиелерін өтеуге мәжбүр. Кей жағдайда ай сайынғы төлем жалдау ақысымен бірге 600 мың теңгеден асады.

Үлескерлердің жалғыз проблемасы - құрылыс кестесінен айтарлықтай қалыс қалуы ғана емес. Кейбірінің үлестік қатысу келісімдерінде құрылыстың аяқталу мерзімі әртүрлі - мысалы, 2023 жылдың наурызы деп көрсетілген. Енді бұл үлескерлер құрылыс салушымен келісімдердегі мерзімдердің түрлі болғаны үшін соттасып жүр. Құрылыс салушының өзі құрылыстың аяқталу мерзімі 2024 жылдың бірінші тоқсаны деп мәлімдейді.

Осы тұрғын үй кешенінің үлескерлерінің бірі Мадияр ДУБЕКОВ былай дейді:

– 2022 жылдың қазан айында әскери қызметкерлерге арналған «Әскери баспана» ипотекасын рәсімдедім. Келісімшартқа сәйкес құрылыс 2023 жылдың наурыз айында аяқталады, шартта қазақ тілінде осылай жазылған, ал орыс тілінде 2023 жылдың қыркүйегідеп  көрсетілген. Нысанның төлқұжатында – 2024 жылғы 4 қаңтар деп тұр. Үш түрлі уақыт. Келісімшарт жасалғанда қазақ тіліндегі шартты ғана оқыдым, орысшаға қарамадым. Олардың қызметкерлерімен сөйлескенімде, олар 2023 жылдың наурыз айында тапсыратындарын айтты. Бірақ рәсімдеп болып, құрылыс алаңына келгеннен кейін наурызда тапсырылуы мүмкін емес екенін түсіндім. Бұл бірінші кездесу емес, әр кездесуде ақша жоқ деп айтады. Сәл жұмыс істеп, содан кейін тоқтатып, жарты жылдай тыныштық болды. Біз үлескерлермен жиналып, телевидение шақырдық, содан кейін жұмысты бастағандай болды. Енді олар қайтадан тоқтатыпты. 2021 жылы сатып алған адамдар бар. Үш жыл өтті. Көп адам жалдамалы пәтерде тұрады, 80 пайызы басқа өңірден көшіп келген, жаладамалы пәтер ақысын төлейді. Мен өзім айына 160 мың теңге пәтер жалдау ақысын төлеймін, оған қоса ипотекаға – айына 460 мың теңге бар. Барлығы – айына 620 мың, ал менің отбасым, екі кішкентай балам бар.

ҚТҮК кепілдігі неде?

Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігіне қатысты. Құрылыс салушының ҚТҮК-мен кепілдік мерзімі 2024 жылдың 3 қаңтарында аяқталған. Кепілдіктің мәні - кепілдік мерзімі өткеннен кейін кепілдік жағдайы (КЖ) - дефолт пайда болады және ҚТҮК өз қаражаты есебінен тұрғын үй құрылысын аяқтап, үлескерлерге тапсырады. Бірақ үлестік қатысу туралы заңға сәйкес, кепілдік мерзімін үш айға үш мәрте ұзартуға рұқсат етіледі - нәтижесінде құрылыс салушы қосымша тоғыз ай ұтады. Бұл жағдайда бірінші ұзарту болған екен, бұған үлескерлер қайран қалды Олардың айтуынша және ҚТҮК сайтындағы есеп бойынша, қаңтар-ақпан айларында жұмыс іс жүзінде тоқтаған. Ал сол уақытта құрылыс салушы 2024 жылдың 3 шілдесіне дейін екінші рет ұзарту үшін құжаттарды тапсырған. Ал 2024 жылдың қазан айына дейін үшіншісін алуға үміттеніп отырған секілді.

Бірақ жиналыста үлескерлер жасаған басты жаңалық - бұл жобада кепілдік жағдайы сыртқы инженерлік желілерге қолданылмайды екен, өйткені жобалық-сметалық құжаттамада инженерлік желілер жоқ. ҚТҮК үлескерлерге үй салып бітірсе де, ол инженерлік желілерсіз болады екен. Ал инженерлік желілерсіз үйді ешкім пайдалануға қабылдамайды. Бұл жерде үлескерлер тұйыққа тіреледі.

Құрылыс салушы не ұсынады?

Айтпақшы, үлескерлермен алғаш рет кездесіп отырған JM Capital басшысы Жалғас МЫРЗАҒАЛИЕВ (суретте) үлескерлермен кездесуге келіп, белгілі себептермен (қаржы тапшылығын меңзегені болу керек) құрылыстың баяулағанын, ҚТҮК олардың кепілдік мерзімін ұзартқанын айтты. Оның айтуынша, компания қазір нарықтағы бағаның тұрақсыздығына байланысты сатылымды тоқтатқан. Сондай-ақ ол бастапқыда 126 үлескер болғанын еске салды. «Бірақ біреулері Атыраудағы пәтерлерге айырбастағысы келді, біреулері ақшаны қайтарғысы келді, соңында 912 миллион теңгені қайтардық. Мүмкін бұл қаражатты қайтармағанда қазір жағдай басқаша болар ма еді. Бірақ құрылыс нарығының баяулағанын өздеріңіз де байқаған боларсыздар, Астанада ғана емес, Атырау, Алматы, Шымкентте де жағдай осындай», - деді Мырзағалиев.

Ол компанияның үлескерлерді ренжітпек ниеті жоқ екенін және олардың мақсаты біреу – жобаны аяқтау екеніне сендірді. «Біз 12 блокты бірден аяқтай алмаймыз. Сондықтан құрылысты үш кезеңге бөлгіміз келеді», - деді ол.

Бұған дейін бірінші кезекте ҚТҮК кепілдік берген жеті блокты тапсырамыз деген болатын. Енді құрылысшы, ең алдымен, жеті блоктың үшеуін ғана қалдыруды ұсынады - бұл Б, Б1, Б3 (барлығы 32 үлескер бар). Ал төрт блоктың (Б3, В1, В2 және Г) қалған 57 үлескеріне Мырзағалиев осы үш блокқа көшуді ұсынды. Құрылысшының логикасына сүйенсек, егер төрт блок үлескерлерден босатылса, онда бұл блоктарда сақтандырылғандар болмайды, ал ҚТҮК олар бойынша кепілдікті алып тастай алады дегені болар. Осылайша, құрылысшыда осы төрт блоктың кепілдік мерзімінің міндеттемелері болмайды.

Мырзағалиев сонымен қатар компания атынан жеті блоктың барлық үлескеріне тегін автотұрақ ұсынып, сатып алғандардың ақшасын қайтаруға, оған қоса жеті блоктың барлық үлескеріне миллион теңгеден төлеуге уәде берді, «яғни, біреулердің несие төлеп жатқанын білеміз», - деді ол. «Ал төрт блоктың үлескерлері үш блокқа ауысса, біз бұл үш блокты қазан айында аяқтаймыз», - деп сендірді Мырзағалиев.

Үлескерлер бұл ұсыныстан бас тартқан жағдайда не болатынын сұрады. Олардың блоктары салына ма және құрылысшыда Б жоспары бар ма?

«Бар болғаны екі нұсқа бар: төрт блоктың үлескерлері келісіп, үш блокқа көшеді, немесе біз ақшаны қайтарамыз. Басқа амал жоқ», – деп жауап берді ол. Құрылыс салушының айтуынша, қазір абаттандырумен қосқанда тек үш блоктың құрылысын салуға ғана 3,2 млрд теңге қаражат бар.

Кепілдік жағдайына қатысты Мырзағалиев мынаны айтты:

«Біздің жобамыз 2020 жылға арналғандықтан, сараптама және басқа да құжаттарымыз ескіргендіктен, сәйкесінше ҚТҮК тендер жариялап, барлық қажетті рәсімдерді жүргізетін болады. Мұның бәрі біраз уақытты алады. «ҚТҮК» кепілдік жағдайының пайда болғанын жариялаған кезде, олар бизнес емес, жайлылық емес, әдеттегідей 4-кластағы жобалық сметалық құжаттама бойынша жұмыс істейді. Қарапайым сөзбен айтқанда, үлескерлер бизнес-кластың орнына кәдімгі эконом-класқа ие болады». Сонымен қатар, Мырзағалиевтың айтуынша, кепілдік жағдайға инженерлік желілер кірмейді, өйткені олар да жобалық сметалық құжаттамада жоқ.

Мырзағалиев жаңа құрылысшы сметаға түзету енгізуі ықтимал екенін де атап өтті. «2020 жылғы сметалық есеп бойынша жеті блоктың құрылысына бізде 14 миллиард теңге қарастырылды, ал ол 18 миллиард керек деуі мүмкін. Бұл айырмашылық жүгі сол кезде маған түседі. Әрине, мен келіспейтінімді айтып, сотқа жүгінемін, түсінесіздер ме, бұл ұзақ процесс. Көбейе беретін бұл шығындар соңында бізге әсер етеді».

«Менің жасым 70-те, бұл пәтерде қашан тұрамын?» - деп сұраған зейнеткер Кант Исина ақшасын қайтармаса, президентке дейін баруға уәде береді.

Үлескерлердің сауалы:

Барлық сақтандырылған үлескерлерді үш блокқа көшіру нұсқалары қыркүйек айынан бері талқыланып жатыр екен. «Біз бұл мәселені Азаматпен (Лұқпанов, Garant Investment директоры. – Ред.) қыркүйекте ол осы ұсынысты жасаған кезде талқыладық. Бірақ қараңызшы, біз 4 блокқа ҚТҮК кепілдігінен айырыламыз, ал қалған блоктардың құрылысын аяқтауға қандай кепілдік бересіз? Біздің, үш блоктың құрылыс алаңының төңірегінде тұратынымызды елестетіп көріңізші», - деп сұрады үлескерлердің бірі.

– Сіз 3 миллиард сома туралы айттыңыз. Олар қазір сізде бар ма?

– Миллиардтан басқа есепшотымызда екі миллиард бар.

– Ақшаңыз болса, құрылыс неге тоқтап қалды?

– Өткен аптада біз ҚТҮК-мен жиналыс өткіздік, олар да шотта ақша болғанын көргісі келеді. Мен бұл туралы олармен бөлек талқылаймын. Неліктен құрылыс тоқтады? Атырау облысында біздің компанияның көптеген жобалары бар, соның ішінде мемлекеттік жобалар да бар, олар бойынша алажағымыз бар. Өткен жылы біз «Жайлы мектептер» бағдарламасына қатыстық, қазір сегіз мектепті салып жатырмыз, ол жерге де өз қаражатымызды салдық. Олар бойынша да күтіп жүрміз, түсуі керек, яғни бұл жобаны аяқтамауға ешқандай себеп жоқ.

– Сіз 3 миллиард бар дейсіз, ендеше неліктен құрылыста адам аз?

- Қазір 100-ге жуық жұмысшы бар...

- Неліктен ақпан айында кестеде құрылыс болмағаны көрсетілді? Бүгін сайтқа тек ҚТҮК есебі жарияланды.

– Қаңтар-ақпан айларында, біріншіден, боран болды, екіншіден, басқа жобаларымыздан қаржы дер кезінде түспеді. Алдымыз жаз және жоспар бойынша...

– Былтыр да солай қазір жаз дедіңіздер, бірақ ештеңе болған жоқ. Жаз бойы құрылыс тоқтап тұрды. Қазір салыңыздар. Өткен жылы менеджерлер шілдеде тапсыруға уәде берді. Содан кейін олар келісімшарт бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарында болады, күтіңдер деді. Бірақ 1 қаңтар болды, үй жоқ. Сіз бізге автотұрақ тарту етеміз, миллион теңгеден төлейміз дейсіз, жарайды, қазір тарту етіңіз де салуды жалғастырыңыз. Неліктен біз құқығымыз бұзылып жатқаны үшін жеңілдік жасап, сізден ақша аламыз?

– Бізде қазір үш блокты ғана аяқтауға мүмкіндік бар. Біздің жобадан бас тарту мақсатымыз жоқ, біз өз қаражатымызды салдық. Қазан айына дейін үш үй салуға дайынбыз.

Үлескерлердің тағы да талаптары:

«Мен ақшамды қайтарып беру жөнінде үш рет арыз жаздым. Мені сату бөлімі мүлдем елемей отыр. Гүлбану жауап бермейді, Зулфат жауап бермейді, заңгеріңіз Фарида жауап бермейді. Сіздер қалай жұмыс істейсіздер? Ресми жауап сұрадым. Ештеңе алған жоқпыз».

«Егер сіздің сату бөліміңіз құрылыс 2024 жылдың 1 қаңтарында аяқталады деп шын айтса, мен бұл жерде болмас едім, олар үнемі соңғы мерзімі маусым айы, сол кезде кілт қолыңызда болады деп айтты. Сондықтан пәтерді сатып алдым. Бірақ мен қорытындыда 2024 жылдың 4 қаңтары деген мерзімді көргенде, неліктен мұндай мерзім көрсетілгенін сұрадым? Олар маған бұл ҚТҮК стандарты екенін, оған кепілдік бойынша алты ай қоса жасалатынын айтты».

Үлескерлердің ұсынысы: үшжақты келісім және ипотекалық каникулдар

Үлескерлер жиналыста Мырзағалиев айтқан барлық уәделер нақтыланған үлескерлер, құрылыс салушы және мемлекеттік орган өкілі арасында үш жақты келісім жасауды ұсынды. Екіншіден, үлескерлер несие төлемдерін тоқтатуды сұрады. «Пәтер жалдап, 400 мың теңге несиені төлеу қиын. Келісімшарт бойынша тапсыру мерзімі 2023 жылдың наурызы деп көрсетілген. Сіздер тапсырмадыңыздар, ал біз несие төлеуді жалғастырып жатырмыз. Мемлекеттік органдар төлемдерді тоқтата тұру бастамасын көтерсін».

«Бұл ипотекалық каникулдар деп аталады», - деп жалғастырды тағы бір үлескер. – Осы мәселе бойынша «Отбасы банкіне» бардық. Банк ҚТҮК мен құрылыс салушы бірлесіп бас кеңсеге хат жолдауы керек, содан кейін олар ипотекалық төлемді тоқтату туралы шешім қабылдайтынын айтты».

Егер осы екі шарт қамтылса, онда сіздің ұсынысыңыз туралы ойлануға болады, деп түйіндеді үлескерлер.

Коммуникациялар үлескерлер есебінен бе?

Коммуникациялар мәселесіне келгенде үлескерлер МСҚБ өкілі Шапағат ТАУПЫҚОВҚА (суретте сол жақта) сұрақ қойды.

«ҚТҮК жобаға коммуникация желісінсіз қатысуда. Егер кепілдік жағдайы жарияланса, нысан инженерлік желілерсіз аяқталады. Коммуникацияларды кім аяқтайды? Үлескерлерден қосымша қаражат жинайтын шығар», — деді МСҚБ өкілі.

Ол бұл нысанмен МСҚБ 2021 жылдан бері айналысып келе жатқанын атап өтті.

«Бұған дейін бірнеше рет сот процестері болды, ҚТҮК бойынша біз үлескерлердің мүддесі үшін сотқа шағым түсірдік. Келісімшарттарда да сәйкессіздіктер бар.

Жобаға сыртқы инженерлік желілерсіз кепілдік берілген, яғни құрылыс салушыда жобалық-сметалық құжаттамада белгілі бір сомасы болған, сол жерден олар 1% төлеп, ҚТҮК-ға кірген. ҚТҮК «Отбасы банкіне» құжат берген, олар «иә, адамдарға несие беруге, сатып алу үшін жарнамалауға болады» деген. Желтоқсан айында біз кепілдік жағдайын жариялау туралы сотқа шағым түсірдік. ҚТҮК, біздің пікірімізше, мұны істеуі керек еді. Бірақ сот шешімімен шағымымыз қабылданбады. Содан кейін құрылысшы ұзарту мерзімін алды. Екінші ұзарту 4 сәуірде басталады, бұл шешімді қалалық әкімдік емес, МСҚБ емес, ҚТҮК қабылдайды. МСҚБ - Астана қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшесі. Бұл жобаға әкімдік қатыспайды, тиісінше, ешқандай бюджеттік қаражат та бөлінбеген. Бірыңғай оператордың кепілдігі бар – бұл «ҚТҮК» АҚ, ол осы мәмілемен келіскен және болашақта оны аяғына дейін жеткізуі тиіс. Бірақ сыртқы желілерсіз мұның қалай жасалатынын тіпті теориялық тұрғыдан да түсінбеймін».

«ҚТҮК-ға сұрақ», - деді МСҚБ өкілі «ҚТҮК» АҚ техникалық сараптама және мониторинг департаментінің менеджері Ғалымжан БИҒАШЕВҚА (суретте) қарап. – Бұл жобаның болашағы қандай? Бірінші рет ұзарту берді, қараңызшы, компания екі ай бойы құрылыс жүргізбеді. Наурызда олар жұмысқа кірісіп, құрылыс алаңына 5-6 адам шығарып, адамдарға көрсете бастайды. Мен өзім аралап барамын, ал құрылыс алаңында ешкім жоқ. Өз пікіріңізді айтасыз ба?»

«Қазір құрылысшы бізге ұзарту үшін құжаттарды тапсырды. Біз оларды қарап жатырмыз, тексеру аяқталғаннан кейін ұзарту туралы шешім қабылданады. Бізде олар сәйкес келуі керек белгілі бір параметрлер бар, мысалы, олардың шоттарында белгілі бір сома болуы керек», - деді Биғашев.

– Құрылыс салушы сізге құрылыстың үш ай ішінде (айталық, өтіп кеткен) жүргізілетініне кепілдік берді ме? – деп сұрады үлескерлер. – Ақпан айында құрылыс жүргізілмегенін есептен көріп отырмыз.

– Олар осы жұмыстардың тоқтап қалуын (қаңтар-ақпан айларында) ауа райы жағдайларымен байланыстырды.

- Сіздің сайтыңызда 513 күн кешіктірілген деп тұр. Бұл ұзақ уақыт. Ешбір нысанда мұндай кідіріс жоқ.

«Кепілдік аясында жоба сыртқы желілерсіз басталған. Жоба бойынша сыртқы желілер екінші кезеңде болады», - деп жалғастырды Биғашев.

- Сыртқы желілердің шығындарын кім көтереді?

«Мен бұл сұраққа дәл қазір жауап беруге дайын емеспін».

«ҚТҮК-ға сұрағымыз көп»

Бөлек әңгімелескен кезде үлескер Нұрлан ЖАНТӨРИН мынаны айтты.

«2021 жылы құрылыс салушы кеңсесіне келгенімде, бізге күзге жақын ҚТҮК кепілдігін алатынын, содан кейін ипотекаға рәсімдеуге болатынын айтты (кепілдіксіз салынып жатқан үйлерге ипотека рәсімдемейді). Олар кепілдік алған кезде мен де басқа үлескерлермен бірге олардың кеңсесіне келдім. Ол кездегі баға нарықтық бағамен бірдей – шаршы метрі 350 мың теңге болды, зейнетақы жарналарын да түсіріп алуға болатын еді. Жарнамалық буклеттерге сәйкес 2023 жылдың наурыз айында тапсырылады делінді. 2021 жылдың желтоқсан айында рәсімдедім. Сонда үлескерлердің бірі келісімшарттарымыздың бірінші парағы өзгертілгенін айтты. Біз қол қойған кезде бірінші парақта 2023 жылдың наурызы деген дата тұрды. Келісімшартты тіркегеннен кейін бірінші парақта сәйкессіздіктер болды: қазақ тілінде 2023 жылдың наурызы, орыс тілінде 2024 жылдың 4 қаңтары деп көрсетілген. Біз қазір осыған қатысты соттасып жатырмыз. Біз құрылыс салушылардан күндердің неге әртүрлі екенін сұрадық, олар қателік кеткен деп жауап берді. Бірақ жарнамада да, жобаларын жарнамалаған кезде риэлторлар да тапсыру уақыты 2023 жылдың наурыз айы деп үнемі айтып жүрді, ол қалай қате болуы мүмкін. Біз Министрліктер үйіне де бардық, МСҚБ табалдырығын да тоөздырдық, олар бізге еш ықпал ете алмайтынын, өйткені бұл азаматтық келісімшарттар екенін түсіндірді. Ал ең басты сұрақ, «ҚТҮК» АҚ атынан мемлекет инженерлік желілерсіз кепілдікті қалай берген? Ешбір мемлекет инженерлік желісі жоқ үйді қабылдамайды. МСҚБ-на, президентке, әкімдікке, прокуратураға үнемі арыз жазамыз. Барлық инстанция қайтадан МСҚБ-ға жолдайды.

Бұл үлескерлерді тартудың жолы екені белгілі болды, өйткені ҚТҮК кепілдігі алынбай салынып жатқан үйді ипотекаға алуға болмайды. Ақпан айындағы есеп бойынша, 500 күн қалыс қалған, соған қарамастан олар екінші мәрте ұзартуды ойланып жатыр. Қаңтарда бірінші мәрте ұзарту бергенде, олар 400 күн артта қалған еді. Түсінесіз бе, мемлекет қалыс қалу барын білсе де, ұзарту беріп отыр. ҚТҮК-ға қоятын сұрағымыз көп. Ертең олар инженерлік желісі жоқ үйді тапсырады, әкімдік үйді пайдалануға қабылдамайды, сөйтіп бюрократиялық кідіріс қайта басталады.

Тағы бір жайт – біз пәтерді ипотекаға алдық, бірақ неліктен екені белгісіз, құрылыс салушы үлестік қатысу келісімшартымызды біздің қатысуымызсыз тікелей «Отбасы банкіне» береді. Бәлкім, біз уақыт бойынша сәйкессіздіктерді көрер едік. Келісімшарттар біз кілттерді алғанша кепілдікте қалады».

Н.Жантөриннің айтуынша, жақында үлескерлер сотқа шағым түсірген.

«Талапкер – үлескерлер, ал жауап беруші тарап – құрылыс салушы. Шарт жасалған күннен бастап талап арыз берген күнге дейін өсімді өндіріп алғымыз келеді. Осы жерде айта кететін жайт, заң бойынша біз мұндай талап арызды екі рет бере алмаймыз. Ал қазір құрылысшы, мысалы, 2-3 жылдан кейін бітірсе, біз бұл жылдар үшін өсім ала алмаймыз.

Нәтижесінде, бізде барлық рұқсат құжаттары бар: әкімдіктен, ҚТҮК-дан, бірақ бәрібір бұл үлескерлерді қорғамайды. Екі жыл бойы тиісті кері байланыс болмады. Біз ашуланбас едік, бірақ соңғы екі жылда бес адамның жұмыс істеп жүргені бізді қорқытты. Құрылыс барысын көрсететін ай сайынғы есептерге сәйкес, жұмыс өте баяу қарқынмен жүріп жатыр. Енді олар кепілдікті алып тастау үшін ҚТҮК-мен жаңа схема ойлап тапты. Олар бір-біріне көмектескісі келеді. Мен ҚТҮК қызметін тексеру үшін прокуратураға шағымдандым. Олар қандай негізде ұзарту беріп отыр? Жарайды, құрылысшы бизнесін қорғайды делік. Ал мемлекет ше?».

Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.

Суреттерді түсірген автор

22 наурыз, 19:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.