Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылдық округіне қарасты Қалмақты ауылы маңынан табылған 38 бас киік өлексесіне қатысты іс қылмыс құрамының болмауына байланысты қысқартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Киіктерді олардың санын реттеу міндеті жүктелген «Охотзоопром ПО» РМҚК инспекторлары атқан. Атқаннан кейін киіктердің өлексесін жинап алу керек еді, неге бұл бірден жасалмаған?
Атырауда «ПО Охотзоопром» МКҚК жеке филиалы жоқ. «Охотзоопром» кәсіпорнының Оралдағы Батыс Қазақстан филиалы Атырау облысына да жетекшілік етеді. Атқаннан кейін далада қалған киік өлекселеріне қатысты филиал басшысының орынбасары Талғат КЕНЖЕАХМЕТОВТЕН түсінік сұраған едік. Кенжеахметовтың айтуынша, ол істің мән-жайын білмейді және тиісінше, тергеу нәтижесін әлі алмаған.
– «Охотзоопром» инспекторының киікті атып, далаға тастауына қатысы бар екені дәлелденсе, тәртіптік шара қолданамыз. Бұл инспектор жұмыстан босатылады деген сөз, - дейді Кенжеахметов.
«Охотзоопром» киіктерді ату үшін аңшыларды уақытша жалдайды. Ал киіктерді реттеу механизмі бойынша бекітілген іс-қимыл алгоритмінің сақталуын аңшылардың басы-қасында жүруі тиіс инспектор бақылау жасайды.
– Аңшылар киіктерді атқан соң, көлікке тиеп, бізбен келісімшарт жасаған ет комбинаттарына апарып, тапсыруы керек. Егер бұл шара осы тәртіппен жүргізілмесе, біз өзіміз ішкі істер органдарына хабарлап, оларға қатысты іс қозғаймыз, - деп толықтырды Кенжеахметов.
Естеріңізге салсақ, осы жылдың қаңтар айының соңында Facebook желісінде өлі жануарлардың видеосы жарияланған болатын. 38 киік өлексесінің табылу дерегі бойынша Махамбет аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 2-бөлімі («Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарларды заңсыз ұстау...») бойынша қылмыстық іс қозғады.
Осыдан кейін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жағдайға қатысты түсініктеме берді: «Киіктердің санын реттеу тікелей «ПО Охотзоопром» РМҚК инспекторларының сүйемелдеуімен жүзеге асырылады. Бекітілген алгоритмге сәйкес, реттеу нәтижесінде алынған киік өлекселері міндетті түрде ет комбинаттарына асқазан-ішек жолдары жоқ, бірақ ішкі ағзаларымен, басымен және терісімен ветеринариялық бақылауға жіберіледі, ветеринарлар өлекселерді тексеріп, ветеринариялық анықтама береді. Ақбөкен мүйіздері дериваттарды есепке алуға жауапты «Охотзоопром ПО» РМҚК-ның қызметкерінің жəне орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторларының бақылауымен белгіленген талаптарды сақтай отырып алынады жəне міндетті таңбалануға жатады, кейіннен сақтау үшін «ПО Охотзоопром» РМҚК тапсырылады».
Ресми мәлімет бойынша, «ПО Охотзоопром» РМҚК ет өңдеу кәсіпорындарымен 19 келісім-шарт жасасқан. Барлығы 630 тонна ет (асқазан-ішек жолы жоқ ұша терісімен) тапсырылды. Ет комбинаттары ұшаны өңдеп, консервілер дайындады және т.б.
Ақпан айында Экология және табиғи ресурстар министрлігі киіктердің «санын реттеу» бойынша іс-шараларды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Мәжіліс сыртында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда 10 ақпаннан бастап киіктердің санын реттеу, яғни, киіктерді ату процесі тоқтатылғанын айтты. Жануарларды атуды уақытша тоқтату туралы шешім отандық ғалымдармен және халықаралық сарапшылармен кеңесіп, талқылаудан кейін қабылданды.
Нысанбаевтың айтуынша, биыл киік саны 40 пайызға артады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қор бюросы атап өткендей, былтырғы төлін есепке алғанда, 2,6 миллионға жетеді. Дала ақбөкенін атуды күзде жалғастыруға уәде беріп отыр.
Айнұр САПАРОВА