«Арнаулы автобаза барлық қоқысты бір көлікке жинайды, ендеше оны неге сұрыптаймыз?». Атырауда қоқысты бөлек жинау мәселесі неге шешілмей жатыр? Бұл мәселені қалай шешуге болады? Бұл туралы жақында материалымызда жазғанбыз. Күні кеше Атырауда осындай мәселе бойынша «Үй жанындағы қалдықтарды жинауды енгізу: халықаралық тәжірибе және Қазақстан тәжірибесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл шараны ұйымдастырушы «ТАҢ» қолдау және дамыту қоры болды. Қор басшысы Шынар ІЗТЕЛЕУОВА қазір Қазақстанда қалдықтарды қайта өңдеу тұрғындардың қатты тұрмыстық қалдықтарының 15 пайызын ғана құрайтынын атап өтті. Ал 2040 жылға қарай оны 40 пайызға жеткізу міндеті тұр.
– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың ластануын, оның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтар проблемасын азайту мәселесін шешу қажеттігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, қалдықтарды бөлек жинау және кәдеге жарату мәселелерін шешу ҚР «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын іске асырудың стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады. Ол халықтың қатты тұрмыстық қалдықтарын (ТҚҚ) басқаруды қамтиды. Қазақстан 2040 жылға қарай қалдықтардың 40 пайызын кәдеге жаратуды қамту міндетін алды. Ал статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда қалдықтарды қайта өңдеу халық өндіретін қатты тұрмыстық қалдықтардың тек 15 пайызын құрайды, - деді Ш.Ізтелеуова.
Дөңгелек үстел барысында Еуропа елдері мен АҚШ-тағы қалдықтарды сұрыптау мысалдары келтірілді. Қалдықтарды сұрыптау зауытының директоры Әзілхан БАЙБАТЫРОВ коммуналдық қызметтің экологиялық патрульдері таңнан бастап көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы тазалық пен тәртіпті қалай тексеретінін, ескертуден кейін айыппұл салынып, өздеріне белгілі бір бонустар жинайтынын мысалға келтірді.
Қалалық мәслихат депутаты Нұрбол ҚҰРМАН оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабын («Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру») еске салды. Алайда Байбатыров: «Мұндай бап бар, бірақ ол жұмыс істемейді!» - деп жауап берді.
Онымен дөңгелек үстел басына жиналған көпшілік те келісті. ПИК өкілдері қоқыс жәшігіне баруға ерініп, қоқысты подъезде қалдырып немесе балконнан лақтырып жіберетін тұрғындардың әлі де бар екеніне қынжылыс білдірді. Бұған өзімнің де көзім жеткен еді. Жазда көршілерім пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, подъезге сынған тастар, бұзылған құрылыс қалдықтарын шығарып тастаған болатын. Бастапқыда менің ескертуімнен соң бірнеше күннен кейін үйіліп жатқан қалдықтарды тазалады. Бірақ содан кейін бұл жерде шкафтың тақтайлары және қолшатырға ұқсас материалдың қалдықтары пайда болды. Ұзақ уақыт бойына сол жерден алынбай, көршілердің ескертулеріне де селт етпей, бұл факті туралы учаскелік полиция инспекторына хабарлауға тура келді. Олар да ескерту берді. Алайда оған да құлақ аспады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар бөлек жинауға арналған контейнерлерді ғана емес, кімнің қоқысты сұрыптамағанын, жалпы қоқысты тиесілі емес жерге тастағанын көру үшін бейнебақылау орнатуды ұсынды.
Ш.Ізтелеуова ПИК-ті қоқысты сұрыптауға мүдделі және бұл үшін жауапкершілікті арттыру үшін қоқысты жинап, оны «Арнаулы автобаза» ЖШС-не тапсыру үшін оларға ақша төлеу керек екенін айтты.
«Арнаулы автобаза» ЖШС директорының орынбасары Есенжан ШАУДАНОВТЫҢ айтуынша, қазір ауласы жабық үш тұрғын үй кешенінде қоқысты бөлек жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылған. Бірақ оның айтуынша, олардың қоқыс таситын көліктері келгенше дұрыс сұрыпталған қалдықтарды белгісіз біреулер алып кетеді екен, мұны жасайтын жеке кәсіпкерлер деп есептейді. Қалалық қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқыс сұрыптау кешені жұмыс істейді. Шауданов сұрыптау желісінде 35 қызметкер жұмыс істеуі керектігін баса айтты. Оның айтуынша, бұл энергияны көп қажет етеді және мұндай қалдықтарды жинаудың өзіндік құны жоғары, сондықтан бұл жерде экология заңнамасы алдындағы міндеттемелерді орындау ғана болмаса, түсетін пайда жоқ.
Естеріңізге салсақ, 2021 жылдың 2 қаңтарынан бастап жаңа Экология кодексінің талаптарына сәйкес, қатты тұрмыстық қалдықтарды алдын ала сұрыптаусыз полигондарға тастауға тыйым салынды. Атап айтқанда, құрылыс және тамақ қалдықтарын тастауға болмайды.
– Полигондағы сұрыптау кешенінің мақсаты – қалдықтарды бөлек жинауға көмектесу емес, бұл қалдықтардың полигонға түсуіне жол бермеу және экологияға көмектесу. Қаланы тазалау қажет, ал қоқысты бөлек жинауға уақытымыз жоқ. Тағы бір жайт: бәрі бір көлікке тиеледі, ендеше неге сұрыптаймыз дейтін шағым көп. Мен мұнымен толықтай келісемін. Сәуір-мамыр айларында сұрыпталған қалдықтарды жинауға арналған бөлек машина келеді. Бұл қоқыс таситын көлік емес, жеке брендтік машина, нығыздайтын функциясы бар. ПИК-те, жекеменшік мектептерде және жабық тұрғын үй кешендерінде қалдықтарды бөлек жинаудың өзі тиімді емес. Бұл арнайы көліктің құны, дизель құны, тіпті жиналған 8 текше метр сығымдалған баклажкалар жинаудың күнделікті нормасын да өтей алмайды. Сондықтан қалдықтарды жинау міндетіміз коммерциялық емес, заң нормаларына сәйкес міндеттелген қызмет, – дейді Е.Шауданов. – Ал заңда инфрақұрылым, қоқыс жинайтын алаң екі түрлі – құрғақ және дымқыл қалдықтарға (ылғалды қалдықтар – тамақ қалдықтары мен органикалық заттар – А.С.) арналған контейнерлермен жабдықталуы керек деп көрсетілген. Құрғақ қалдықтар деп біз басқа зат жасауға болатын қайта өңделетін материалдарды айтамыз. Бірақ бұл жерде «егер бәрі дұрыс сұрыпталған болса, біздің көлігімізден бұрын оны алып кеткісі келетін басқа қатысушылар пайда болмай ма?» деген сұрақ туындайды. Негізінде, қазір осындай жағдай болып тұрады. Үш-төрт жабық тұрғын үй кешеніне бірнеше арнайы контейнерлер орнаттық, бірақ жеке кәсіпкерлердің кейде ұрлық жасайтынын көріп жүрміз.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың қалған бөлігі қоршаған ортаның тазалығын бұзғаны үшін жазаны қатайту емес, субсидиялар мен демеуқаржылар арқылы халықтың сана-сезімін арттырып, қалдықтарды сұрыптауды ынталандыру тиімді болар еді деп есептейді.
Дөңгелек үстел соңында Әзілхан Байбатыровқа қоқыс сұрыптайтын зауыт қашан іске қосылатыны туралы сауал қойған едік. Ол өткен жолғыдай бәрі де қала әкімдігіне байланысты деп жауап берді.
– Зауыт салынды, барлығы дайын, экологиялық рұқсаттар алынды. Біз іске қосылу үшін коммуналдық қызметтермен қалдықтарды сұрыптау туралы келісімге отыруымыз керек. Бізде мұндай келісім әлі жоқ. Бұл мәселені зауыт жұмыс істей бастағанда әкімдікке қою керек. Бұл біздің қолымызда емес қой, - дейді Байбатыров. Ал «тағы қандай шешу жолдары бар?» деген сұраққа, ол ойланып, басқа жол жоқ деп жауап берді. «Жылына 120 мың тонна қоқыс түседі, оның 80 мың тоннасы тұрғындардан, 20 мың тоннасы заңды тұлғалардан, қалған 20 мың тоннасы көшелерді санитариялық тазалаудан кейін жиналады. Кәсіпкерлермен келісімшарт жасассақ та, жылына 20 мың тонна қоқыс аз. Содан соң қоқысты өзіміз тасымаймыз, коммуналдық қызметтер әкелуі тиіс». Оның айтуынша, қала әкімшілігі күні бүгінге дейін қалдықтарды сұрыптау тарифін белгілеу мәселесін көтеріп келеді. Ол бір-екі айда мәселе шешіледі деп есептейді. Ал бұл қоқыс тарифтерін көтеруге қайта ораламыз деген сөз.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор