Атырау, 26 қараша 02:52
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Ақ Жайықтың» жаңа жылдық номинациялары

Сурет
1 216 просмотра

«AЖ» әдеттегіше өз оқырмандары үшін тағы да номинациялар дайындады. Біз сіздер үшін 2023 жылды жарқын әрі есте қаларлық болған ең көрнекті адамдар мен ең көп талқыланған оқиғаларды топтастырдық. 

ЖЫЛ ҚАҺАРМАНДАРЫ

Қала тұрғындарының бірауыздан айтылған пікіріне сай, кейіпкерлердің қаһарман атануы сирек жағдай. Мұнайлы астананың жүздеген мың тұрғындарын сусыз қалудан құтқарған қарапайым өскемендік сүңгуірлер халық қаһармандарына айналды. Естеріңізге салсақ, сенбі күні, 9 желтоқсанда кешкісін қалада сумен қамту жүйесі тоқтап қалды: сорғы станцияларындағы жабдықты шәуіш бітеп тастады. Таңертең ведомстволық қызмет суды екі сағаттың ішінде беруге уәде берді, бірақ бұл уақыт өткеннен кейін де су жүрмеді. Төрт батыл сүңгуір бұл мәселені қолға алмағанда, мұның қанша уақытқа созылатыны белгісіз еді.

Сүңгуірлердің ішіндегі ең жасы Владислав АКЕНТЬЕВТІҢ қатып қалған мұзды ойып, сорғы қондырғысына қарай бет алғанын көрген бүкіл қала жұртшылығы разы болды. Бір аптаға жуық уақыттан кейін әкімдік өскемендіктерді ақ үйге шақырып, аймақ басшысы жеке алғысын білдірді. Бригаданың барлық жігіті марапатқа ие болды, оларсыз құтқару миссиясы орындалмайтын еді. Олар Сергей САЛУЯН, Николай ЧЕРЕПАНОВ және жүргізуші Владимир ПОГОДАЕВ. Сондай-ақ «Атырау облысы Су Арнасы» кәсіпорнының бір топ слесарьларын да атап өтті, оларға да біздің құрметіміз бен үлкен алғысымызды білдіреміз. 

ЖЫЛДЫҢ ТІЗБЕК РЕАКЦИЯСЫ

Қазан айында Жұмыскердегі №4 емхананың қызметкерлері жұмыстың көптігі мен жалақының аздығына шағымданды. Дәрігерлер өздеріне тиесілі төлемдерді уақытында ала алмағандықтан күнкөрісі қиындап кеткен екен. Бұл дүрбелең басылмай жатып, №5 емхананың дәрігерлері де басшылықтарына шағымданды. Атырау облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі көптеген тексеруден кейін аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен №4 қалалық емхана директорын ұстағанын хабарлады. Ал №5 емхана басшылығы өз еркімен жұмыстан босату туралы арыз жазды. Қазіргі уақытта екі емхана дәрігерлерінің барлық талабы орындалды. Айта кету керек, бұған қашан да қарапайым жандардың мүддесі мен құқығын қорғауды ұстанатын «AЖ»-ның да еңбегі зор.

 

ЖЫЛ АУЫЗБІРШІЛІГІ

Асыра айтқандық емес, бірақ біздің пікірімізше, ең қайырымды, ең жанашыр жандар Атырау қаласында тұрады. Мұнайлы астананың қақ ортасында тұрса да пешті көмірмен жағып, жарық үшін керосин шамын қолдануға мәжбүр болған Мұқашевтар отбасының жағдайы бұған тағы да дәлел болды. «AЖ» жарияланымынан кейін қала тұрғындары қатты қиналған жерлестеріне қайырымдылықпен көмек қолын созды. Қазір ағалы-қарындасты Мұқашевтар жарығы, суы, жылуы, газы бар жайлы үйде тұрады. Оларда киім-кешегі, тамағы, жәрдемақы алуға қажетті құжаттары бар. Мұны айтқан жөн бе, жоқ па, бірақ бұл жандарды тіпті моншаға да, шаштаразға да апарды. Бірақ бұл хикаядағы ең маңыздысы – атыраулықтар өз халқын қиыншылықта тастап кетпейді.

 

ЖЫЛ ЖАЛҒАНЫ

Өткен жыл білім саласындағы күрделі мәселелермен есте қалды. Көп мектеп оқу процесіне дайын болмай, оқушылар үш ауысымда оқуға мәжбүр болды. Осы жайсыздықтарға үйреніп үлгермей жатып, тағы бір жанжал шықты. Қалада да, облыс көлемінде де ұстаздар арасында жалған дипломмен жұмыс жасап жүргендердің бар екені белгілі болды. Антикор Атырауда мұндай 80 жалған мұғалім бар екенін анықтады. Ең қызығы, кейбір оқу орындарының, мәселен, Мақаттағы мектеп басшылары өз қызметкерлерінің шынайы ұстаз емес екенін жақсы білген. Бәлкім, осы келеңсіз жағдайлардан кейін шығар, инновациялық екі «Binom» мектебінің ашылуы мектеп оқушыларының ата-аналары үшін нағыз жаңалық болды. Баласын инновациялық білім ордасына бәрі бірдей бере алмағаны өкінішті-ақ. Бірақ, мұндай оқу орнын әлі де ашамыз деп жатыр ғой.

 

ЖЫЛ ҚУЛЫҒЫ

Өңіріміздегі білім беру саласындағы проблема тақырыбын жалғастыра отырып, осы жылдың ең айлакер ұстазы – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің экономика және заң факультетінің деканы заңсыз жалақы алып келгенін айта кеткен жөн. Антикор деканның 2017 жылдан бастап 2023 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс күндері шет елдерге (Оңтүстік Корея, Түркия және т.б.) бірнеше рет сапарға шыққанын анықтады. Алайда табельде мүлдем басқа көрініс болған: деканға жұмыс күндері есептеліп, сәйкесінше жалақы аударылып келген. Мәселен, ол жұмыста болмаған 80 күнде 1 миллион теңгеге жуық ақша алуды да, шетелге саяхатын да сабақтастыра білген.

 

ЖЫЛ ШЫҒЫНЫ

Өтер жылда ғалымдардың 40 жыл бұрын болжаған оқиғасы орын алды – Каспий теңізі тайызданудың сыни нүктесінен өтті. Ғалымдар мұны климаттың өзгеруімен - температураның көтерілуімен, қуаңшылықпен және өзендерге құйылатын су көлемінің азаюымен байланыстырады. Теңіздің солтүстік бөлігі Атырау облысында орналасқанын өздеріңіз білесіздер. Өңірімізде теңіздің тайыздану салдары тұзды және шаңды дауыл түрінде сезіліп жатыр. Жағалаудағы балықшы ауылдарының тұрғындары да болашағы үшін алаңдайды. Мемлекет басшысы үкіметке су пайдалану бойынша сындарлы саясатты әзірлеуді тапсырды. Каспий теңізіне құятын Жайық және Қиғаш өзендері сағаларының тазартылып жатқанына бесінші жыл болды, жоба келесі жылы аяқталуы тиіс. Мамандардың пікірінше, жұмыс ауқымына қарамастан айтарлықтай нәтиже күтпеген жөн, өйткені су түбін тереңдетушілер тартылып жатқан теңізге ілесе алар емес...

 

ЖЫЛ КАВАЛЕРІ

Атыраулықтар жоғары атаққа ие болып, дүние жүзіне жиі танылып жатады. Бірақ Қазақстан тарихында бірінші болып Король Георг V құрған Британ империясының орденін Атырау қаласының тұрғыны Гүлнар ҒАБДУЛОВА иеленді. Жерлесіміз өмірінің 17 жылын Атыраудағы британдық сауда кеңсесіне арнаған екен.

ЖЫЛ АУРУЫ

Жылда жаңа аурулар өршіп, жаппай ауыратын болдық. 2023 жылы ең көп таралғаны - қызылша ауруы болды. Жалпы ел бойынша, оның ішінде Атырауда қызылшаға қатысты жағдай күн өткен сайын жақсармай тұр. Мұның бәрі екпе алудан қорыққандықтан болып отыр. Ал бұл екпесіз ауруды жеңу қиын. Біз бұл дертті де жеңеміз деп үміттенеміз.

 

ЖЫЛ ҰСТАЛУЫ

Бұл номинация алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған Атырау қаласының экс-әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВҚА берілді. 2020-2022 жылдар аралығында оларға жеке тұрғын үй құрылысы үшін рекреациялық аймақтарға (жасыл алаңдар, саябақтар, скверлер, жағалаулар және т.б.) тиесілі жер телімдері заңсыз берілгені анықталды.

Кезінде Қ.Оразбаев «AМӨЗ» ЖШС бас директоры болғаны белгілі. Айта кетейік, Оразбаев атыраулық жеке блогерлермен жиі достық кездесулер ұйымдастыратын. Қайрат Құлымұлы қала тұрғындарының есінде көгалдандырушы ретінде сақталған, оны әлі күнге дейін «жасыл» әкім деп атайды. Ол Атырауда суару жүйесін жүргізу сияқты ірі жобаны қолға алған еді.


ЖЫЛ БАНКРОТЫ

Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен «Атырауинжстрой» сауда үйі» ЖШС банкрот деп танылды. ЖШС мемлекетке салық бойынша 553 млн 370 мың 640 теңге қарыз болып қалды. Сот оның төлем қабілетсіздігін банкроттыққа негіз деп санады. Ал «Атырауинжстрой» сауда үйі» ЖШС - Атыраудағы автомобиль жолдарын, тротуарларды, жол өткелдерін және басқа да көптеген нәрселерді салу және реконструкциялау бойынша бас мердігер болып табылатын «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС-нің еншілес кәсіпорны екенін еске саламыз.

 

ЖЫЛ КЕЗЕГІ

Осы жылдың ең ұзын және ең ұзақ кезегі номинациясын газ кезегіне береміз. Атырауда сұйытылған газға қатысты мәселелер әлсін әлі туындап отыратыны белгілі. Отын құю бекетінің өкілдері газдың жеткілікті екенін, бірақ тез таусылатынын, сұраныстың көбейгенін, ал газ беру ұзақ уақытқа созылатындықтан тапшылық болатынын түсіндіреді.

 

ЖЫЛ СӘТСІЗДІГІ

Қаладағы аулаларды абаттандыру игі мақсатымен қолға алынған «100 аула» жобасы экс-әкім Мейірім ҚАЛАУИДІҢ тамаша идеясы болатын. Қарқынды басталған кіреберіс жолдарын, тұрғын үй аулаларындағы жаяу жүргіншілер жолын жөндеу, тұрақтар салу, сәндік қоршаулар мен түнгі жарық жүйесін, қоқыс жәшіктерін орнату, балалар және спорт алаңдарын, шағын футбол алаңдарын салу жұмыстары ол кеткен соң сейілді. «100 аула» жобасы болмашы себептермен уақытша тоқтатылды: бюджет инфляция мен баға өсіміне төтеп бере алмады.


ЖЫЛ ТҰЛПАРЫ

Құрманғазы ауданының тұрғыны Алтынбек Хамиттің Қарақұс атты тұлпары екі мәрте қатарынан бәйгеде өз иесіне көлік ұтып алды. Сәйгүлікті бүкіл ауыл жақсы көріп, құрметтейді. Ол ең дәмді шөппен қоректенеді, оның әдемі жалы күнде таралады. Бірақ Батыс Қазақстандағы жүйрік ат үшін ең маңыздысы – оның жанында сүйікті де адал шабандозы Еркеш есімді бала бар.


ЖЫЛ «АЛҒЫСЫ»

Қызылқоға ауданына қарасты Тасшағыл ауылдық округі аумағындағы су қоймасында үш миллионға жуық шабаққа бөлініп қалған тасқын суы құрғаған соң қауіп төнді. Балықтарды жақын маңдағы ауыл еріктілері құтқарды, жұмысқа тіркемесі бар МТЗ-82 тракторы, су таситын көлік-бөшке, Hidromek тракторы, «ГАЗель» көлігі, 6 контейнер, 3 бөшке, 1 мотопомпа жұмылдырылды. Жалпы, бәрі жақсы аяқталды, шабақтар тереңірек су қоймасына ойдағыдай көшірілді. Ендігі қазір өсіп қалған да шығар. Егер балықтар сөйлей алатын болса, құтқарушылар «рахмет» сөзін қанша миллион мәрте еститінін елестетіп көріңізші.

 

ЖЫЛ ҰЖЫМЫ

Бұл номинацияны Атырау қаласынан ең шалғайда жатқан Сағыз ауданы Кенбай ауылындағы мектептің бірлігі жарасқан, тату ұжымына табыстаймыз. Алты мұғалім мен олардың бір шәкірті өз мектебі үшін облыстық білім басқармасымен соңына дейін күресті. Ауылдағы осы бір бала ғана мектеп жасында болатын, оның сүйікті алты ұстазы да бірнеше жылдан бері оған білім беріп келген. Алайда олар бұл күресте жеңіске жете алмады: ынтымағы бүтін ұжым ауданның басқа ауылдарына жұмысқа орналастырылып, оқушы аудан орталығындағы оқу орнына бекітіліп, мектеп жабылды. Дегенмен, бұл тату ұжымның еңбегін төмендетпейді, сондықтан олар қошемет пен құрметке ие.

 

ЖЫЛДЫҢ ҚЫЗЫҚ ОҚИҒАСЫ

Бұл қызық оқиға бәріміздің есімізде: қала әкімі Шәкір КЕЙКИН қоғам қайраткері Қаныш Сәтпаевтың бюсті орналасқан шағын демалыс алаңындағы барлық көгершінді қуып, ұшырып жіберген еді. Сол кезде әкім атыраулықтарға көгершіндерге жем бермеуге кеңес берді. Өйткені, ғалымның ескерткішінің басына қонған құстардың бейсаналық әрекеті оның келбетін айтарлықтай бұзады. Бұл шынымен де эстетикалық тұрғыдағы мәселе. Қанаттыларға қарсы мұндай демарш жұртшылықты екіге бөлді: кейбіреулер мұны қызық көріп, бұдан басқа да өзекті мәселелер, мысалы, қысқа дайындық немесе, айталық, жолдардың сапасы... секілді проблемалар жетеді ғой десе, енді бірі - жаңа әкімнің қала келбетіне зер салуын жақсы бастама деп санады.

 

ЖЫЛ АПАТЫ

3 шілдеде Маңғыстау атом энергетика станциясында болған апат салдарынан Атырау жарық пен сусыз қалды. МАЭК тек Ақтауды ғана емес, Атырау мен Батыс Қазақстан облысын да ішінара электр қуатымен қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. Кешкі уақытта АМӨЗ жақта алау жанып, қара түтін будақтап, желмен тарап кетті. Мұның регламентке сәйкес жасалғаны белгілі болды. Толық қуатта жұмыс істеп тұрған зауыт кенеттен бүкіл процесін тежегенін елестетіп көріңізші. Қондырғылардағы шамадан тыс қысым автоматты түрде алау қондырғыларына жіберіліп, қара түтін пайда болып, қала тұрғындары үрейлене бастады. Апат МАЭК-те болғанына қарамастан, Атырау мұнай өңдеу зауытына 12 миллион 14 мың 550 теңге айыппұл салынды.

 

ЖЫЛ ШАЙҚАСЫ

2023 жылы көктем мен жаз бойы «Спецавтобаза» ЖШС тұрмыстық қалдықты жинау, шығару және жою үшін белгіленген тарифтің көтерілгені туралы әңгіме басылмаған еді. Бір кездері қатты тұрмыстық қалдықтар тарифі электр энергиясының тарифіне «қосылып», ақшасы төленбесе, қуат көзінен ажыратылатыны туралы айтылды. Соның салдарынан Атыраулық «Энергосату» мекемесі «Спецавтобаза» ЖШС-мен шайқасып қалды: біріншісі автобазаның бақылаушыларын қолында ешқандай әсер ету тетігі болмай тұра (Атырау Энергосату мекемесі қуат көзінен ажырата алады) абоненттерге жалған ақпарат таратып, компанияның атына кір келтірді деп кінәлады. Ашуланған халықтың наразылығының бір шеті сол кезде жаңа сайланған депутаттарға да тиіп кетті. Шешім қабылдаудағы депутаттардың ойы бір жерден шыққаны, яғни тарифтің көтерілуін мақұлдағаны тұрғындар арасында «олар кімнің мүддесін қорғап әрекет етті және неге сайлаушыларының пікірін қорғай алмады?» деген заңды сұрақ тудырды. Тіпті өз округтерінен сайланған депутаттарға қарсы қол жинауды ұйымдастырып, мандаттан айыру туралы да ойлары болды. Ақыр аяғында, бәрі шекісіп қалды. Одан не шықты?


ЖЫЛ ӨРТІ

Мамырда Атырауда белгілі журналист Виктор СУТЯГИННІҢ көлігін өртеп кетті. Журналисттің айтуынша, көршісінің бақылау камерасына әлдебір ер адамның көшеде келе жатқаны, көліктің қасына келіп, капот жақта бірдеңе істеп жатқаны түсіп қалған. Содан кейін тарс еткен дауыс шығып, көлік өртеніп, қаскөй қашып кеткен. Кейін Виктор Петрович бұл жағдайды өзінің кәсіби қызметімен байланыстырады: сол уақыттары әріптесіміз әлеуметтік желіде жоғарыда аталған қатты-тұрмыстық қалдық тарифінің өсуі туралы мәселені жиі көтерген еді. Кейін блогерге жаңа, бұрынғысынан да жақсы көлік сыйға тартылды: қаражаттың бір бөлігін оқырмандары мен қолдаушылары жинаған болса, қомақты бөлігін бейтаныс адам ұсынған. Осылай кешірім сұрады ма, әлде расында жаны жомарт адам берген бе, ол енді маңызды емес.     


ЖЫЛ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҒЫ

Мақаттық жастар ауыз суға мұқтаж Африка құрлығындағы Камерун елінің жұртшылығына су құдығын қазуға қаражат жинап берді. Құрылыс жұмыстары сәуірде басталып, 4 мамыр күні ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Жергілікті тұрғындар мақаттықтарға алғысын жаудырған видеоны да жариялады. Бұдан бұрын мақаттық бір топ жас Африканың бір еліндегі жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан 60 балаға ауыз ашар асын берді.


ЖЫЛ ТҮТІНІ

Бұл номинация сәуірдегі бірнеше күн бойы бүкіл қаланы тұншықтыра басып кеткен түтінге тиесілі болды. Қалада жөтелмей еркін тыныстайтын бірде-бір жер қалмады. Бұған Дамбы ауылынан 30 шақырым жерде Каспий теңізінің жағалауындағы ауқымды қамыс өрті себеп болды. Сол жердің тұрғындары бірінші болып зардап шегіп, экологиялық апат туралы хабарды ресми мәлімдемелерден бұрын таратты. Таңертең білім бөлімі ұйқыдан оянғандай ата-аналар чатында сынып жетекшілерінен "балаларды үйлеріңізге алып кетіңіздер, терезелерді жауып, ресми мәлімдеме күтіңіздер» деген хабарлама келді. Оқушылар мен студенттерді қашықтан оқуға көшірді.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

30 желтоқсан 2023, 13:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.