11 мамыр күні сағат 02.40-та Атырауда белгілі журналист Виктор СУТЯГИННІҢ көлігі өртеніп кетті. «АЖ» Виктор Петровичке хабарласқан еді. Оның айтуынша, көршісінің бақылау камерасы әлдебір ер адамның көшеде келе жатқанын, көліктің қасына келіп, капот жақта бірдеңе істеп жатқаны көрінеді. Осыдан кейін тарс етіп, көлік өртеніп, қаскөй қашып кеткен.
– Бұл оқиғаны кәсіби қызметіңізбен байланыстырасыз ба?
- Солай деп ойлаймын. Бірақ ешкімнен күдіктенбеймін. Мұның «қайдан келгенін» білмеймін, соңғы кездері Facebook-те жер туралы мәселені көтерген едім, бірақ осыған байланысты деп ойламаймын.
Кейін Атырау полициясы 11 мамырға қараған түні патрульдік экипаж Наурызалиев көшесіндегі үйдің жанында өртеніп жатқан Lexus RX-300 көлігін анықтап, өрт сөндірушілерді шақырғанын хабарлады. Жарылыс белгілері анықталмады.
- Оқиға орнында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Өрттің шығу себебі анықталуда, ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы («Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру») бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады полиция.
...Виктор Сутягин «ҚазАқпарат» агенттігінің меншікті тілшісі, оған дейін ұзақ жылдар «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі қызметін атқарған.
Айнұр САПАРОВА