Атырау, 27 қыркүйек 09:17
 ашықВ Атырау +20
$ 478.54
€ 533.76
₽ 5.17

Алтын және резерв. Қазақстан не үшін алтын сақтайды

518 просмотра
freepik.com

Алтын – тұрақты және ірі валюталармен бірге "қаржылық резерв" ұғымына кіреді. Әр отбасы ақша жинап, сақтайтыны сияқты, мемлекеттер де өзінің артық қаржысын буып-түйіп сақтап отырады. Осы кезде алтын маңызды рөл атқарады, деп жазады Zakon.kz.

Себебі, алтын бағалы металдардың негізгісі болып табылады және оның әлемдік нарықтардағы бағасы өте тұрақты болып келеді. Бұған дейін орын алған кризистерде алтын өз бағасын жоғалтпады және осындай дағдарыс сәттерінде керісінше алтынға деген сұраныс арта түсетінін байқап отырмыз. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын алтынның бір унциясы 1411,23 долларға бағаланса, биылғы орташа бағасы 1937,19 доллар болып тұр. Сол себепті, алтын орталық банктер үшін тұрақтандырушы рөл ойнайды.

Қазақстан қанша алтын ұстайды?

Қазақстанда да қаржы нарығын, экономиканы тұрақтандырушы рөлін ойнайтын мемлекеттік алтын қоры бар. Оған Ұлттық Банк жауапты. Бізде қазір 19,76 миллиард долларға бағаланатын алтын сақтаулы. Ол алтын-валюта резервінің ішіне кіреді. Ия, бұл алтындар бізде физикалық пішінде, яғни метал түрінде арнайы қоймаларда сақталады.

Қазақстан бұл алтындарды көбіне сырттан сатып алмайды. 1994 жылдан бері жұмыс істейтін ереже бойынша, елімізде алтын өндіретін компаниялар өз алтынын Ұлттық Банк талап етсе, алдымен Ұлттық Банкке сатуы тиіс. Сол себепті, қоймада жатқан алтынның барлығы дерлік өз жерімізде өндірілген бағалы метал.

Алтында да минус бар

Алтын – сақтаушы рөл атқарып, өсімге қызмет етпейді. Яғни, алтын сақтау өз ақшаңды еш көбейтпей, тек сол күйі ұстап отыру дегенді білдіреді. Қазақстан ұзақ бойы осы жолмен жүріп келді. Бірақ соңғы 2 жылда біз өз стратегиямызды өзгерте бастадық. Яғни, Ұлттық Банк резервіндегі және Ұлттық Қордағы алтынның үлесін азайтып, өсімді көбірек беретін құнды қағаздар үлесін арттыруды көздеп отырмыз. Сонда біз өз жинағымызды тиімді пайдаланатын боламыз.

Осы ұстанымға сай, Ұлттық Банк 2022 жылы сыртқы нарыққа 120 тонна альтын сатып, одан 7 миллиард доллар алды. Осының арқасында алтынның резевтердегі үлесі 58 пайызға дейін төмендеген еді. Биыл Ұлттық Банк жылдың бірінші жартысында тағы 67 тонна алтын сатты да, осы үлесті 50 пайызға дейін түсіруді жоспарлап отыр. Сондықтан сыртқы нарықтарда алтын сатуын жалғастыра береді.

Ұлттық Банктің алтын нарығындағы доминанттықтан кетуі елдегі алтын өндіретін компанияларға сыртқы нарыққа экспортын арттыруға қосымша мүмкіндік беруі тиіс. Бірақ бұл бөлек әңгіме.

Кімде қанша алтын бар?

Қазір Қазақстанда 310 тонна мемлекеттік алтын бар. Оның көлемі бойынша біз әлемдегі алғашқы 20 мемлекеттер тізіміне ғана кіреміз. Бірінші орын АҚШ-қа тиесілі. Сонымен бірге Германия, Италия мен Францияның орталық банктері ең көп алтын ұстап отырған мемлекеттер тізіміне кіреді.

12 желтоқсан 2023, 10:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.