Атырау, 27 қыркүйек 16:26
 ашықВ Атырау +14
$ 478.54
€ 533.76
₽ 5.17

ЕО арнайы өкілі:«Мәселе көлемде емес»

977 просмотра

Еуропалық Одақтың санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы өкілі Дэвид О'Салливан Ресейге белгілі бір тауарлардың реэкспорт деңгейін айтарлықтай төмендеткені үшін Қазақстанға алғысын білдірді. Бұл туралы ол сейсенбі, 28 қарашада Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанға сапарының қорытынды сөзінде мәлімдеді.

«Біз әріптестерімізге, қазақстандық билікке шаралар қабылдағаны үшін ризашылығымызды білдіреміз, нәтижесінде Ресейге белгілі бір тауарлардың реэкспорт деңгейінің айтарлықтай төмендегенін байқадық», - деді О'Салливан.

«Бірақ екінші жағынан, біз басқа бір тауарлар реэкспортының көбейгенін көріп отырмыз, сондықтан бізге әлі де көп жұмыс істеу керек», - деп қосты ЕО арнайы өкілі.

Қай тауар түрі және қандай көлемде көбейгені туралы «АЖ» сұрағына О'Салливан жалпы (санкцияға ұшыраған – ред.) тауар көлемі Қазақстанның тауар айналымында аз ғана үлесті алатынын және жылына небәрі 200 млн еуро құрайтынын айтты.

«Бұл жерде басты мәселе көлемде емес, бұл тауарлар мен өнімдердің құндылығы мен кісі өліміне әкелетін әсері туралы. Белгілі болғандай, бұл тауарлар Ресей Федерациясының әскери әлеуетін күшейту үшін қолданылады. Сондықтан бұл өнімдердің реэкспортын тоқтатуды талап етеміз. Бұл, негізінен жоғары технологиямен байланысты тауарлар. Бұл жерде интегралды схемалар, жедел жады, оптикалық нысанаға алу жабдықтары туралы айтып отырмыз», – деп түсіндірді Дэвид О'Салливан «АЖ» сауалына.

Келу сапарының мақсаты туралы

ЕО арнайы өкілінің айтуынша, бұл сапар сәуірдегі сапардың жалғасы.

«Менің рөлім – енгізілген санкцияларға қосылмауды ұйғарған елдерге бару. Мен Қазақстанда екі рет болдым, ертең Өзбекстанға рейсім бар, Армения, Сербия, Қырғызстан, БАӘ, Түркия сияқты елдерде де болдым. Келесі аптада Үндістанға сапарлаймын. Бұл сапарлардың мақсаты - бұл елдерді біз енгізген санкцияларға қосылуға немесе қабылдауға көндіру емес, олардың аумағы санкцияларды айналып өту алаңы немесе Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне қызмет көрсету алаңы ретінде пайдаланылмауы жөнінде сөйлесу», - деді ол.

О'Салливан сондай-ақ ЕО мен Қазақстан деректермен бөлісіп, «Қазақстан санкцияларды айналып өтуге және соңында Ресей нарығына шығуы мүмкін тауарлардың реэкспортына жол бермеуге қалай қол ұшын беретінін» қарастырып жатқанын айтты.

ЕО Арнайы өкілі Еуропалық Одақтың Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасқа оң қарайтынын атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, ЕО Қазақстанның негізгі сауда-инвестициялық серіктесі, біздің Қазақстанмен жасыл технологиялар немесе көлік саласында болсын, көптеген амбициялық  жобамыз бен жоспарымыз бар. Біз Қазақстанмен қарым-қатынасымызды одан әрі оң бағытта дамытып, тығыз ынтымақтастық орнатқымыз келеді. Санкциялардың біздің тығыз әрі терең ынтымақтастығымызға кедергі болғанын қаламайтынымызды тағы да айтып өткім келеді», - деп сөзін түйіндеді О’Салливан.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

29 қараша 2023, 16:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.