Атырау, 26 қараша 21:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Petro Export» ЖШС-ін кім жөнге салады?

793 просмотра
Көрнекі сурет: freepik 

«АЖ» редакциясына 2022 жылдың шілдесінде және 2023 жылдың тамызында Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмыс тобы «Petro Export» ЖШС нысанына жүргізген техникалық тексеру нәтижесі бар материалдар келіп түсті. Біз оқырмандарымызбен осы ақпаратты бөлісуді жөн көрдік: 2022 жылдың жазында нысанның жағдайы өте нашар болды, ал бір жылдан кейін ескертулердің басым бөлігі жойылмаған.

Естеріңізге салсақ, 11 қазанда «Petro Export» ЖШС ҚОӘБ бойынша қоғамдық тыңдау өткізуді жоспарлаған, бірақ ол өтпеді. Ал 2023 жылдың қаңтарында нысан аумағында 2 резервуардағы және іргелес аумақтағы май қалдықтары өртеніп кетті. Бұл төмендегілерді ескерсек, таңқаларлық емес.

Мәселен, «Petro Export» ЖШС нысанын 2022 жылғы 23 тамыздағы техникалық байқау актісіне сәйкес, Атырау мұнай өңдеу зауытының жауапты бөлімшелері 68 заң бұзушылықты анықтады, оның басым бөлігі өрт қауіпсіздігі мен төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысты.

Резервуарлар автоматты өрт дабылы жүйесімен жабдықталмаған, суару және салқындату жүйесі болмаған. Көлемі 2000 текше метр болатын тік резервуарлардың бірі өрт сөндіру жүйесінің құрғақ құбырларымен және найзағайдан қорғау жүйесімен жабдықталмаған. Жалпы аумақта өрт сөндіргіш, жабдықталған өрт қалқандары, өрт гидранттары, стационарлық газ анализаторлары болған жоқ. Әр жерде мұнай төгіндісі байқалды. Персонал ешқандай қорғалмаған: жеке қорғаныс құралдары пайдаланылмайды, жарықтандыру, бейнебақылау жоқ, регламент мен қауіпсіздік техникасы ережелері жоқ. Сорғылық электр жабдықтары және электр қалқандағы электр-техникалық құрылғылар 2019 жылдан бері пайдаланылмаған, электр жабдықтары мен кабельдердің толық тексерілуі қажет.

Осындай кемшіліктің бәрі 2023 жылдың қаңтарында «Petro Export» ЖШС аумағында мұнай өнімдерінің өртенуіне әкеп соқты.

2023 жылдың тамызында тексеру қайталанды, бірақ ескертулер өзгеріссіз қалды: бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматтандырылған технологиялық процестерді басқару жүйесі жоқ, манометрлер тексеруден өтпеген. Нысанда бір ғана қарауыл бар, ол тәулік бойы, 15 күндік ауысыммен жұмыс істейді. Бейнебақылау жүйесі жоқ, қарауыл бөлмесі байланыс құралдарымен жабдықталмаған. Келушілер журналы жүргізілмейді, автомобиль және теміржол көлігі жоқ. Нысанның жекелеген учаскелері ғана электр жарығымен қамтамасыз етілген, периметрі бойынша бетон қоршаулар бүлінген, кей жерлерде жоқ. Сондай-ақ өрт-қорғау дабылы да қосылмаған. Теміржол күтілмеген және шұғыл жөндеуді қажет етеді. Нысан аумағы да құрылыс қалдықтарына толы, қураған ағаштан тазартылмай, май болған.

Енді олар АМӨЗ, ЖЭО және нысаннан бір шақырым жерде орналасқан «Химпоселок» тұрғын алабының тұрғындарына қауіп төндіретін осындай өртке қауіпті нысанда мұнай өнімдерін сақтап, құйып, тасымалдамақшы.

«АЖ» редакциясы бұл жарияланымды құзыретті тұлғалардың түсініктемелерін талап ететін ресми сауал деп санауды ұсынады.

Арман АСҚАРОВ

19 қазан 2023, 12:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.