11 қазанда «Petro Export» ЖШС қызметінің қоршаған ортаға әсерін бағалау жөнінде қоғамдық тыңдаулар өткізу жоспарланған болатын. Алайда олар өтпей қалды. Атырау тұрғындары, оның ішінде белсенділер мен облыстық мәслихаттың бірқатар депутаттары шараның ұйымдастырылуына наразы болып, қатысушыларды тіркеу парағына қол қою арқылы оның өтпеді деп тану туралы дауыс берді. Қол қойған 33 адамның екеуі ғана қарсы болмаған.
«Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының директоры Галина ЧЕРНОВАНЫҢ айтуынша, орынжай тым кішкентай болғандықтан тыңдау өткізуге жарамсыз болған.
- Бұл біреудің жұмыс кабинеті. Ал ғимараттың өзі көпшілік үшін дайын емес еді. Біз кабинетке өндірістік цехтар арқылы кірдік. Қатысушыларға орындықтар, төраға мен хатшыға орын болмады. Онлайн форматта болады деп жариялады, бірақ ол жерде компьютер болмады. Олар онлаайнға қалай қосылмақ болған? Бұл Орхус конвенциясының қоғамдық тыңдауларды өткізу ережелерін өрескел бұзу, - дейді Г.Чернова.
Сонымен қатар, белсенділер жалпы «Petro Export» ЖШС қызметіне қарсылық білдірді.
2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Petro Export» соңғы 2,5 жылда жұмыс істемеді. Енді мұнай өнімдерін сақтау, төгу және құю қызметтерін көрсетуді, дәлірек айтсақ, жер қойнауын пайдаланушылардан мазут қабылдап, оны одан әрі тасымалдау үшін цистерналарға құюды қолға алмақ.
Petro Export бұрынғы химия зауытының аумағында орналасқан. Жанында ЖЭО мен АМӨЗ бар. Химпоселок тұрғын ауданы өнеркәсіп алаңынан 1130 метр қашықтықта орналасқан.
Әсер ету туралы есеп жобасында өндіріс технологияларының қысқаша сипаттамасында «мұнай өнімдері базаға теміржол арқылы тасымалданады, эстакада арқылы сақтау ыдыстарына құйылады және тапсырыс берушілерге теміржол немесе автомобиль көлігі арқылы тасымалданады» делінген.
Тыңдау алдында облыстық мәслихат депутаты Арман ХАЙРУЛЛИН әлеуметтік парақшасында бұған неліктен қарсы екенін жазды. Оның айтуынша, «Petro Export» ЖШС мұнай өнімдерін сақтау, төгу, құю және тасымалдау кезінде қала атмосферасына жылына 51 тонна шамасында бензол, толуол, формальдегид, азот диоксиді және т.б. улы заттарды шығарады. .
ҚОӘБ материалдары кәсіпорынның қуаттылығы жылына 15 мың тонна мұнай қалдықтарының қоспасы, 15 мың тонна мұнай және 15 мың тонна мазут болатынын көрсетеді.
«Иісі жағынан ол сасық «AМУ»-ға теңесіп қалады.
Өйткені, Орал тас жолынан қалаға кіргенде кейде күкірт пен мұнай өнімдерінің иісі мүңкіп тұрады. Бұл күкірті жоғары, меркаптаны жоғары мұнайды ескірген эстакадалардағы составтарға ашық құйып, төккен кезде болады. Бұл жерде лас цистерналарды булағанда одан сайын нашарлап кететін шығар.
Бәріміз бірігіп «Сасықсайды» рекультивациялау үшін аянбай еңбек еттік, бұл үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінді, «Булауды» қаладан көшіруге қол жеткіздік, АМӨЗ-ді тұндырғыш-тоғандар мен ағызу каналдарын алып тастауға, механикалық тазарту қондырғысын салуға және биологиялық тазарту қондырғысын жаңартуға мәжбүр еттік. Сонда мұның бәрі түкке тұрғысыз ба?! Логика қайда?» – деп жазады А.Хайруллин.
Алайда, «Petro Export» ЖШС директоры Талғат СӘРСЕНОВ пен оның заңгері Мақсұт БАЗАРҒАЛИЕВ қоғам белсенділерінің пікірімен келіспейді және тыңдау өткізуде барлық талапты ескердік деп есептейді.
– Тыңдаулар өткізудің мақсаты бірінші санаттан үшінші санатқа көшу және шығарындыларды азайту болды. Біз шығарындыларды үш есе азайттық. Сөз сөйлеуі тиіс экологтың тиісті баяндамасы бар, бірақ ғимарат жұртшылыққа ұнамады. Олар тыңдауларға қатысудан бас тартты - олар субъективті болды және ештеңе тыңдағысы келмеді. Біз барлық талапты орындадық деп есептейміз. Тыңдаулар туралы жарты ай бұрын алдын ала хабарланды, ғаламторда, БАҚ-та жарияланды. Біз бұл орынжайды жалға алдық, оған бәрі сыятын еді, - дейді М.Базарғалиев.
Содан кейін ол «АЖ»-ның сауалына өздерінің АМӨЗ-ге тікелей қатысы жоқтығын нақтылады:
–«Petro Export» ЖШС-нің «AМӨЗ» ЖШС-мен біздің резервуарларға мазут айдайтын құбыры ғана қосылған. Содан кейін біз оны тапсырыс берушілердің вагондарына құямыз.
Айнұр САПАРОВА