
Ақтауда екі мектептің оқушылары жылу болмағандықтан сабаққа сырт киіммен отыруға мәжбүр. Ата-аналардың айтуынша, балалар суық тиіп, ауыра бастаған, деп хабарлайды Lada.kz.
Мұхтар Әуезов атындағы №20 жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларының ата-аналары оқу кабинеттеріндегі суыққа шағымданды. Олардың сөзінше, қалада жылыту маусымы басталғалы бері мектеп ғимаратындағы батареялар жылымай тұр.
«Балалар сабақта күртешемен отыруға мәжбүр, қазірдің өзінде ауыра бастады», – деп алаңдаулы ата-аналар наразылық білдірді.
Тұрғындар коммуналдық жүйедегі ақаудың себебін анықтауға тырысқанымен, әзірге нәтиже болмаған. «Каспий жылу, су арнасы» (КЖСА) компаниясы өз тарапынан ешқандай заңбұзушылық жоқ екенін мәлімдеген. Сонымен қатар ата-аналарды мектеп аумағындағы қазылған жер алаңы да алаңдатады. Олардың байқауынша, қазір ол жерде ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ.
Кейін белгілі болғандай, көршілес орналасқан №23 мектепте де осындай жылу мәселесі туындаған.
Жағдайға Ақтау қалалық білім бөлімінің өкілдері түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, екі мектеп те оқу жылы басталғанға дейін дайындық паспорттарын алған. Сондай-ақ ішкі жылыту жүйелерін тексеру кезінде ешқандай ақау анықталмаған.
«Қалыптасқан жағдай жылу тасымалдағыштың сыртқы жылу желілері арқылы мектеп ғимараттарына толық көлемде жетпеуіне байланысты», – деп түсіндірді қалалық білім бөліміндегілер.
Ведомство өкілдері жауапты коммуналдық қызметтермен бірлесіп, мәселені шешу жұмыстары басталғанын мәлімдеді. №20 және №23 мектептерге жылу бүгін беріледі деп уәде етілді. Ал мектеп әкімшіліктері сыныптардағы температуралық режим тұрақты бақылауда екенін айтты.
В Атырау +5.1