Алматы облысындағы Қайыңдыға барар жолда автобус пен УАЗ соқтығысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қайғылы оқиға туралы Алматы облысының полиция басшысы Бауыржан Әленов мәлімдеді. Оқиға 5 қазанда сағат 14:40-та Кеген ауданы Сатин ауылдық округі аумағында Қайыңды-Саты тау жолының бойында болған. Тоғызыншы шақырымда қарсы бағытқа шығып келе жатқан 47 жастағы автобус жүргізушісі 1997 жылы туған О. басқарған УАЗ көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Оқиға салдарынан 36 жастағы жолаушы көз жұмды. Тағы алты адам ауруханаға жатқызылған. Жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтау 345-баптың 3-бөлігі "Адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу" бойынша қылмыстық құқық бұзушылық негізінде жүргізіледі.
Автобус жүргізушісі Кеген ауданындағы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Осы жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын объективті зерттеуге бағытталған сараптамалар тағайындау арқылы қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі.