Қазақстан парламентінің жоғарғы палатасы 5 қазанда Қытаймен арада екі ел азаматтары жайлы мәлімет алмасу туралы жасалған келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Бұл келісім екі тараптың азаматтарына қатысты көші-қон саласында ақпарат алмасуды көздейді. Мәселен, елге кіріп-шыққандар, елге кіру мен онда болу ережесін бұзғандар және азаматтық алғандар туралы мәліметтермен алмасу мүмкіндігі пайда болады.
"Заңның мақсаты – Қазақстан мен Қытай азаматтарына қатысты көші-қон саласында ақпарат алмасудағы өзара іс-қимыл[ды жетілдіру]. Келісім келесі бағыттар бойынша өзара ақпарат алмасу үшін әріптестікті көздейді: визасыз кіру саны, сонымен бірге мақсатқа сай берілген визалар, азаматтық алған немесе азаматтығы қалпына келтірілген азаматтар туралы мәліметтер беру" деді сенат депутаты Мұрат Қадырбек.
Тараптар азаматтығын өзгерткен, елде болу шартын, елге кіру-шығу туралы ереже бұзғандар туралы мәліметпен алмасады.
"Азаматтық туралы ақпарат тек сұрау бойынша дипломатиялық арналар арқылы беріледі. Тегі, аты, туған күні мен туған жері, азаматтығы, ұлты, төлқұжат деректері, фотосуреттер тоқсан сайын беріледі" деді депутат.
Ол бұл келісім тараптарға "қос азаматтықпен күресіп, заңсыз көші-қон жолдарын кесуге мүмкіндік береді" деді.
Бұған дейін Қазақстан қоғамында бұл келісім Шыңжаңда қуғын көрген түркі халықтарының, оның ішінде қазақтардың жағдайын қиындатады деген қауіп айтылған. Қыркүйек соңында Radio Free Asia құқық қорғаушыларға сүйене отырып, құжат "Қазақстанды Шыңжаңдағы аз ұлттар үшін қауіптірек етеді және Қытайда қуғыннан қашпақ болғандардың ахуалын онан сайын қиындатады" деп жазды.
"Олар Қазақстан азаматы болғысы келсе, Қытай жағының рұқсатын алуы керек болады. Бұған қоса, Қазақстан билігі Қытай үкіметі сұрау салса, Қытайдан қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алғандарды еліне қайтаруға міндеттелді" деді "Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан аталған сайтқа.
Бұл болжамға қатысты Қазақстан билігі әзірге реакция білдірген жоқ.
Бейсенбі күнгі сенат отырысында депутат Мұрат Қадырбек "келісімде егемендікке, қауіпсіздікке қауіп төнгенде және заңнамаға қайшы келген жағдайда, сұрау салуларды орындаудан бас тарту көзделген" деп мәлімдеген.
"Қазіргі кезде осындай екі жақты келісім бес елмен (Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) жасалған. Сонымен бірге Ресеймен, Армениямен, Қырғызстанмен көпжақты шарт бар. Келісімді ратификациялау көші-қон және қос азаматтыққа қарсы іс-қимыл саласында Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді және тараптардың азаматтары туралы ақпарат алмасу жөнінде тиісті құқықтық тетікті жасауға мүмкіндік береді" деді депутат.
Құқық қорғаушылар Қытайды түркітілдес халықтарды жаппай қуғындады деп айыптайды. Қытай айыпты жоққа шығарады.