Атырау, 23 қараша 12:49
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Таулы Қарабақта қақтығыс тоқтап, армян өкілдері Әзербайжан талабына көнді

910 просмотра
Степанакерт қаласына шабуыл. 19 қыркүйек 2023 жыл.

Мойындалмаған "Таулы Қарабақ республикасының" өкілдері 20 қыркүйек 13:00-де атыс тоқтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық радиосы. Бұл ақпаратты Әзербайжан қорғаныс министрлігі де растады.

Өзін жариялап алған "Таулы Қарабақ республикасының" өкілдері Әзербайжан тарапының шартына келіскен. Кешеден бері ресми Баку Таулы Қарабақтағы армян әскерінен қаруын тастап, берілуді талап еткен.

Мойындалмаған "Таулы Қарабақ республикасының" мәлімдемесіне қарағанда, олар әскерін таратып, 21 қыркүйекте Әзербайжанның Евлах қаласында Баку өкілдері мен Қарабақтағы армян қауымымен келіссөз басталмақ. Келіссөзден соң Таулы Қарабақтың бүкіл аумағы Бакудың бақылауына өтуі мүмкін.

"Келіссөз кезінде Әзербайжан тарабының реинтеграция, Таулы Қарабақтағы армяндардың қауіпсіздігі мен құқығы, олардың тіршілігін Әзербайжан Конституциясына сай қамтамасыз ету жағы талқыланады" деп мәлімдеді мойындалмаған республика хабарламасында.

19 қыркүйекте Әзербайжан Таулы Қарабақта армяндардың бақылауындағы аумақтарға шабуыл бастаған. Баку бұл шабуылын "террорға қарсы операция" деп атаған. Әзербайжан әскері Таулы Қарабақтағы армяндар тұратын елдімекендер мен Степанакерт қаласын (Әзербайжан бұл қаланы Ханкенді деп атайды) артиллериямен атқылаған еді.

Әзербайжан ұлттық қауіпсіздік қызметі "армян әскерилері Қарабақтағы танкіге қарсы мина қойып кетіп, сол миналар жарылып төрт полицей мен екі бейбіт тұрғын қаза тапты" деп мәлімдеді. Баку бұл "жарылыстарды террорлық әрекет" деп, шабуыл бастаған.

Таулы Қарабақтың әскері Бакудың бұл мәлімдемелерін жоққа шығарып, "Әзербайжан жалған ақпарат таратып, әскери шабуылға сылтау іздеп тапты" деді.

Таулы Қарабақ ресми түрде Әзербайжан аумағы саналады, бірақ бұл аймақта армяндар басым. Таулы Қарабақтағы армяндарды Ереван қолдап отыр. Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақ аймағы үшін 1988 жылдан бері қақтығысып келеді. 1988-94 жылдары арасындағы соғыста 30 мыңдай адам қаза болды. 1994 жылы екі ел қақтығысты тоқтату туралы келісімге қол қойған. Кейін Таулы Қарабақ армяндардың бақылауында болды. Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы тәуелсіздік жариялаған. Бірақ бұл тәуелсіздік халықаралық деңгейде мойындалмады. Аймақтың тәуелсіздігін Арменияның өзі де мойындаған жоқ.

2020 жылы қыркүйекте Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақта қайта қақтығысты. Бұл қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтағы Степанакерттен басқа барлық аймақты, сонымен қатар Мардакерт және Мартуни қалаларын өзіне қайтарып алған. Ал Таулы Қарабаққа Мәскеу бітімгер әскерін кіргізген.

Биыл Таулы Қарабақта жағдай қайта ушығып, тараптар бір-бірін келісімді бұзды деп айыптай бастады.

21 қыркүйек 2023, 11:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.