Атырау, 27 қараша 05:46
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Индер ауданындағы тоқтап тұрған құрылыстар

727 просмотра

«АЖ» тілшісі Индер ауданында құрылысы кешіккен немесе тұралап тоқтап қалған нысандар мәселесін талдап көрді.  

«АҚ ҮЙ»

Кенттегі аудандық әкімшілік ғимаратын қайта жаңғырту жұмысын мердігер («Корпорация Ақ Ордасы» ЖШС) өткен жылдың 1 қарашасында аяқтап, тапсыруы тиіс болатын. Алайда құрылыс жұмыстары бітпей, үш жылдан бері аудан әкімшілігінің қызметкерлері шығармашылық мектептің бір жақ бөлігін паналап отырды. Тапсырысшы аудандық құрылыс бөлімі күрделі жөндеу жұмысының кідіруін құрылыс материалдарының қымбатсуымен байланыстырды. Осыған орай жобалау-сметалық құжаттамасына түзету енгізіліп, қосымша қаржы қаралған. Осы жылдың шілдесінен бастап күрделі жөндеу жұмысы жалғасын тапты. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек ҒАБДУЛЛИННІҢ айтуынша, аудандық әкімшілік ғимаратының жөндеу жұмысы аяқталды, енді гараж бен жылыту қазандығын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. 

КӨКТОҒАЙДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ

Көктоғай ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылысы 469 млн теңгеге бағаланды, бас мердігер - «SCS Инжиниринг» ЖШС-і. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың 12 шілдесінде басталғанымен, бірден сәтсіздікке ұшырады. Өйткені жұмысты техникалық қадағалау барысында жобалық құжатта есептік ауытқудың орын алғаны анықталған. Кейін нысанның қаңқасы қайта салынып, қазір тоқтап тұр. Биыл 20 қаңтарда аудандық құрылыс бөлімі «SCS Инжиниринг» ЖШС-ін жосықсыз қатысушы деп тану және келісім шартты бұзу жөнінде Атырау облыстық ауданаралық экономикалық сотқа арыз түсірді. Нәтижесінде мамырда құрылыс бөлімінің талап арызы қанағаттандырылды, енді жаңа тендер өтеді. 

БАСПАНА

Кенттің «Көктем» шағын ауданындағы 11-ші учаскеде бес қабатты 80 пәтерлік екі үй салынып жатыр. Мердігер «ЕвростройА» ЖШС қолға алған бір үйдің бюджеті бастапқыда 800 млн теңге болды, кейін құрылыс материалдарының қымбатсуына байланысты 1 млрд 178 млн теңгеге дейін көбейтілді. Үйдің әлі қыруар жұмысы бар: кірпішін қалау, ішкі сылақ жұмыстарын жүргізу керек. 

5 қабатты екінші үйдің құрылысы бүгінде 1 млрд 133 млн теңгеге бағаланып отыр. Мердігер «ОңдасынСтрой» ЖШС жұмысқа 2021 жылдың 30 наурызында кіріскенімен, құрылыс бірнеше рет кідіріске ұшырады. Қазір төбесін жауып жатыр. 

ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ

Индербор кентіндегі төрт қатарлы емхананы күрделі жөндеуден өткізу арқылы оңалту орталығына айналдыру жұмысы әзірге кейінге қалды. Келісімшарт бойынша «SCSИнжиниринг» ЖШС күрделі жөндеу жұмысын 2021 жылдың желтоқсанында аяқтауы тиіс еді, бірақ үлгермеді. Нәтижесінде тапсырысшы ЖШС-і үстінен экономикалық сотқа шағым түсірді. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

21 қыркүйек 2023, 15:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.