Атырау, 29 қыркүйек 10:33
 ашықВ Атырау +25
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

Бүгін – Білім күні: 382 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады

625 просмотра

Биыл 130 мыңнан астам оқушы су жаңа мектептерде оқуды бастайды. Барша қазақстандықты бүгінгі Білім күнімен құттықтаған Оу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ұстаздарды, оқушылар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтаған министр бүгінде 3 милллионнан астам оқушы жаңа оқу жылына аяқ басып отырғанын айтты.   

«Биыл 130 мыңнан астам оқушы су жаңа мектептерде оқуды бастайды. Ауылдық жерлердегі білім деңгейін дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Биыл 1 мың ауыл мектебі қайта жаңғыртылып, пәндік кабинеттер ашылады, кітапханалар мен асханалары, жиһаздары жаңартылады. Алғаш рет ауыл мектептері арасында республикалық олимпиада ұйымдастырылады. Мұның бәрі отандық білім сапасын арттыру, балалар үшін қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынып жатыр», - деді Оқу-ағарту министрі. 

Ведомство басшысы бүгін 1-сынып оқушылары үшін ең маңызды күн екенін атап өтті.

«Алғашқы қоңыраудың сылдырымен таңғажайып білім әлеміне саяхатты бастайсыздар. Биыл 382 мың бүлдіршін мектеп табылдырығын аттап, бірінші сыныпқа барады.

Ал 11-сыныптағы 188 мың оқушы үшін бұл алтын ұяның қабырғасындағы соңғы жыл. Бүгінгі күннің ата-аналар үшін де маңызы ерекше. Перзентін мектепке дайындап, қобалжитын сәт. Әркім өзінің оқушы болған кездерін сағынышпен еске алатын күн.

Сондай-ақ биыл алғаш рет колледж студенті атанған 190 мың жас үшін бұл - үлкен өмірге алғашқы қадам жасайтын шешуші күн. Біздің мұғалімдер үшін бұл күн сүйікті жұмысына оралатын, шәкірттерімен қауышатын күн. Осы айдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы 100 мыңға жуық педагогтің жалақысы 30% - ға, ал колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға өседі», - деді Ғ. Бейсембаев.  

Осылай деген министр жаңа оқу жылы әр адам үшін қызықты әрі пайдалы болсын деген тілегін білдірді.

1 қыркүйек 2023, 09:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.