Атырау облысында 367 мың тонна мал азығы дайындалды. Бұл қажетті көлемнің 61%-ы. Мал қыстатуға 600,2 мың тонна мал азығы қажет екені анықталды.
Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВТІҢ айтуынша, мал азығының 80%-ы облыс аумағында дайындалады, қалғаны көршілес облыстардан жеткізіледі.
- Мал азығын дайындауға 705 трактор, 1341 шөп шабатын агрегат, 630 тасымалдаушы техника жұмылдырылып жатыp, - деді ол. - Мал азығын дайындауға кеткен шығындарды өтеу үшін жергілікті бюджеттен шаруашылықтарға 1,9 млрд теңге субсидия бөлініп, субсидия қаржысы үш жылдың ішінде екі есеге артты. Сонымен қатар, шаруашылықтарға қажет кебек жем көлемі 41 мың тонна болса, қазіргі уақытта оның 45%-ы қамтамасыз етілді. Жем бағасын тұрақтандыру мақсатында жем дайындаушылар есебінен 1,2 мың тонна кебек жем дайындалып, 1 келісін 60-65 теңгеден сату ұйымдастырылды. Жеке секторлар арқылы 34 оператор шаруашылықтарға жем тасымалымен айналысып, 1 келісін 90-100 теңге аралығында сатып отыр.
Күзде жетіспейтін жем қоры әлі жиналады деген үміт бар. 2021 жылы жем-шөп тапшылығы шаруаларға қиындық тудырды. Еске салсақ, осыдан екі жыл бұрын көрші Маңғыстауда жем-шөп тапшылығынан 3 мыңға жуық мал өліп, қоқыс орнында картон жеген көтерем аттар мен түйелердің видеосы қазақстандықтарды шошытқан болатын.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған сурет