Атырау, 29 қыркүйек 14:38
 ашықВ Атырау +18
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

Иранда хиджаб киюден бас тартқан әйелдер 10 жылға дейін сотталуы мүмкін

549 просмотра

Иран парламенті хиджаб кию тәртібін сақтамағандарға жазаны күшейтетін заң жобасын мақұлдады. Енді заң Конституциялық қадағалау кеңесіне ұсынылады, Бұл кеңесте ислам дінбасыларының жоғарғы басшысы Әли Хаменеи тағайындаған өкілдері мен заңгерлер бар, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

CNN ақпаратынша, заң жобасы хиджаб киюден бас тартқан әйелдерге үлкен сомада айыппұл салуды, ұзақ жылға түрме жазасын көздейтін 70 баптан тұрады. Жаңа заң жобасына сәйкес, түрме мерзімі 10 жылға дейін ұзарып, ал айыппұл мың есе - 360 миллион риалға (7800 еуро) дейін өседі. Заң жобасы Иранның танымал жұлдыздары мен компанияларына да жазаны күшейтіп, киім үлгісін бұзғандарды анықтауға жасанды интеллект қолдануға мүмкіндік береді.

1979 жылы Иран билігіне радикал діни топтар келген соң әйелдерге хиджаб кию міндеттелген. Иранның қазіргі заңы сай, әйелдер шашы мен мойнын көрсетпеуге тиіс. Ережені орындамағандарға айыппұл салынады не қамалады. Елде басына орамал тақпаған әйелдерге көшеде жиі шабуыл жасалады. Хиджаб кию тәртібін әдеп полициясы қадағалайды, тәртіпті бұзғандар көшедегі видеокамерадан анықталады.

Былтыр қыркүйекте Иранның әдеп полициясы "хиджаб кию ережесін бұзды" деген айыппен 22 жастағы Махса Әминиді ұстаған. Әмини полиция бөлімінен ауруханаға түсіп, бірнеше күннен соң қаза болған. Марқұмның туыстары оны күш құрылымдары өлтірді деп есептейді. Әмини өлімінен кейін Иран қалаларында жаппай наразылық тұтанып, әйелдер қарсылық ретінде шашын қырқып, хиджабтарын өртей бастады. Наразылар әйел құқығын қорғауды, полиция озбырлығын доғаруды, Иранды демократияландыруды, үкіметті отставкаға жіберуді талап етті.

Иран билігі наразылықты басу үшін ұсталғандарға қатаң жаза тағайындап, бірнеше адамды өлім жазасына кесті. АҚШ бастаған батыс елдері және бірқатар халықаралық ұйымдар митингіге шыққандарға қарсы үкімді айыптаған.

22 тамыз 2023, 10:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.