Өңірде жылу беру маусымына дайындық бойынша облыстық ведомоствоаралық комиссия құрылып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атырау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Серікқали ҚАНАПИННІҢ ақпараты бойынша, нысандардың дайындығы 72% құраса, 1 қазанға дейін көрсеткіш 100%-ға жетеді деп жоспарланып отыр.
Биыл облыс бойынша жылу беру маусымына 421 білім беру нысаны, 147 денсаулық сақтау нысаны және 1789 көп қабатты тұрғын үй дайындалуда.
- Жылыту маумысына 36 шақырым жылу желісін жөндеп жатырмыз. 2022-2023 жылдары қалпына келтіру мақсатында Береке және Нұрсая ықшам аудандарында орналасқан магистралды жылу құбыры жөнделді. Сондай-ақ, «Атырау ЖЭО» АҚ тарапынан 3 жылу агрегаты және 2 турбоагрегатын қалыпқа келтіру жұмыстары жүруде. Жалпы қала бойынша 177 автономдық жылыту қазандығы бар. Нұрсая ықшамауданында «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің резервке қажетті 6 дана жылу қазандығын, 12 дана генератор, 4 дана жылу алмастырғыш, 27 дана сорғы құрылғылары сатып алынуда, - деді С.Қанапин.
Сондай-ақ ол, «АтырауЖарық» АҚ биыл 819 шақырым электр желісіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді. Ал алдағы уақытта қала және аудандарда тозған электр бағаналарын ауыстыру жұмыстары басталады.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер