Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 517 өтініш келіп түсті. Оның 392-сі қабылданып, 37 кәсіпкерлік субъектісіне мемлекеттік қайтарымсыз грант ұсынылды.
- Қазір кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде мемлекеттік қайтарымсыз грант бойынша көптеген сұрақ туындайды, - дейді Атырау облысы Кәсіпкерлік және туризм басқармасының Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Сәттіғұл САБЫРОВ. - Жалпы өңірде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарлама қарастырылған. Олардың өзіне тән қолдау механизмдері, оның ішінде субсидия және жеңілдік несие бар. Біздің басқарма тікелей көрсететін мемлекеттік қызмет – 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант беру. Бұл бағдарлама Ұлттық жоба шеңберінде жыл сайын жүзеге асырылып жатыр. Шартқа сәйкес, қайтарымсыз грант алуға шағын кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады, оның ішінде, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 3 жылдан аспағандар. Бұл қайтарымсыз грант болғандықтан қойылатын бірқатар талап бар. Біріншіден, жоба жаңашыл бизнес идеялы болу керек. Нақтырақ айтқанда, жаңа технологиялар арқылы немесе инновациялық тұрғыда болатын жаңа жоба болуы қажет. Оған қоса қосымша міндеттемелер бар. Бірінші кезекте кәсіпкер өтінім бергенде жаңа жұмыс орнының құрылуына мән беруі керек. Екіншіден, өтінімде 5 млн теңгеге дейінгі қаражат көрсетілсе, онда кәсіпкердің өзінің шотында көрсетілген қаражаттың 20%-ы болуы керек. Үшіншіден, «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негізінде оқытудан өткенін растайттын құжаттың көшірмесінің болуы міндетті. Құжаттың мерзімі үш жылдан аспауы қажет.
Құжаттарды қабылдау күз айларына жоспарланған. Айта кетейік, мемлекеттік қайтарымсыз грант конкурсына бұрын осы бағдарлама бойынша қолдау алған кәсіпкерлер мен мемлекеттік салыққа берешегі бар субъектілер қатыса алмайды.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған сурет