Атырау, 11 қазан 16:48
 ашықВ Атырау +12
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Мыстандар туралы аңыз және көшеден келгендер

5 188 просмотра

19 сәуірде Атырауда 11-халықаралық құқықтық конференция өтті. Бұл жыл сайын «ТШО» ЖШС ғимаратында болады және «Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласындағы заңнамасының қолданылу тәжірибесіне талдау және өзекті мәселелері» деген атауға ие. Түрлі мұнай компанияларының мүдделерін қорғайтын заңгерлер қазақстандық заңнамалардың, тіпті саяси жүйенің кемшіліктеріне алаңдайды екен, олардың ойынша, бұл жер қойнауын пайдаланушылардың құқығын бұзуға мүмкіндік береді.

«ДЬЮ ДИЛИДЖЕНССІЗ» АҚЫМАҚ БОЛАСЫЗ

Қазақстанның мұнай, газ саласы заңгерлері қауымдастығының президенті, «Шеврон» корпорациясының еуразиялық бөлімшесінің кеңесшісі Жұмагелді ЕЛУБАЕВ жер қойнауын қолдану бойынша барлық операциялар экологиялық қауіпті болғандықтан, пайдалы қазбалармен жұмыс жасағысы келетін компаниялар міндетті түрде «Экологиялық Due Diligence» (дью дилидженс – міндетті адалдық) деп аталатынрәсімді жүргізуі тиіс. Бұл жерде әңгіме келісімшартқа қол қоймастан бұрын инвестициялық тәуекелділікті, біздің жағдайда экологиялық сипаттағы қатерлерді өзіне қосатын инвестициялау нысаны туралы объективтітүсінік қалыптастыру туралы болып отыр.

Елубаев Ресей мен Бүкіләлемдік жабайы табиғат қорының экологтары Бритиш Петролеум мен Роснефтьтің Карск теңізінен, дәлірек айтсақ, «Русская Арктика» ұлттық табиғи паркінде мұнай өндіруге арналған жоспарларына табанды қарсылық көрсеткендіктері туралы айтты. Ресейлік мемлекеттік органдардың бұл компанияларға осы өңірдің ерекше мәртебесін есепке алмай, лицензия беріп жібергені анықталды. Ал компаниялардың өздері уақытында экологиялық Due Diligence өткізбеген.

Бұл оқиғаны Елубаев Қашаған кен орнын игеру тарихымен салыстырып өтті. Онда әріптес-компаниялар, Ресейдегідей, міндетті түрде сақталуы тиіс қатал экологиялық жағдайлар мен талаптарды ескермеген, ал бұл өз кезегінде үлкен қаржылық шығындарға әкеп соқтырды.

...Бұл жерде Солтүстік Каспий қорықтық аймағында мұнай өндіруге рұқсат берген біздің үкіметтің де қателігін айта кетуіміз керек.

 

ЗАҢГЕРДІҢ ӨМІРІНЕ АРАЛАСПАҢЫЗДАР

Мұнай бизнесі, бұл жағдайда, ТШО мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас турасына келсек, Елубаев өз баяндамасында қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен айналысатын шенеуніктерге де сын айтты. Оның пікірінше, олар тек табиғаттың ластануына ғана көңіл бөліп, жер қойнауын пайдаланушыны мемлекеттік бюджетті толтыруға болатын «ақшаның қабы» деп есептейді.

Ал табиғат қорғау заңнамалары мен оларды қолдану тәжірибесі «қоршаған ортаны сақтау және қалпына келтіруге емес, жер қойнауын қолданушыларды жазалауды» мақсат тұтады.

Шеврон кеңесшісінің пікірінше, компанияның жобалары бойынша жұртшылық тыңдауларына экологиялық мәселелерді шешуде үлкен рөл ойнайтын, бірақ «біліктілігі жоқ, «көшеде жүрген жұртшылықтың» қатысуы тағы да бір өзекті проблемалардың бірі болып табылады.

Иә, «көше жұртшылығы» қожайындарына қызмет көрсетіп жүрген заң қызметкеріне үлкен проблема тудырып жүрген шығар. Мүмкін, бұл сөз жоғары білікті және шын берілген заңгердің қандай адамдармен жұмыс жасауға тура келіп жүргенін білдіру үшін сол қожайынына арналған болар. Алайда жұртшылықтың рөлін «үлкен» деп бағалаған Елубаевтың сөзі дұрыс па? Егер дұрыс болса, біздің «көшеде жүрген» қоғамдық ұйымдар мен «біліксіз» академиктерді құттықтап қоюға болатын шығар – сіздердің пікірлеріңіз «экологиялық мәселелер бойынша шешім қабылдағанда» есепке алынады екен.

 

АБАЙ МЕН МЭДИСОНДЫ СҰРАҢЫЗДАР

Қазақстандағы батыс бизнесмендерінің көзқарасын ТШО-ның келісімшарт-құқықтық бөлімінің бас менеджерінің орынбасары Димитри СЕЛЕЦКИ (суретте) бірінші рет ашық айтты. Конференцияда ол алға қарай Шевронның африкалық бөлімшесіне ауыстырылады деп хабарлады.

Ол мемлекеттік органдар тарапынан жер қойнауын пайдаланушыларға таңдамалы қарым-қатынаста қарайтындығы жөнінде әңгіме қозғады:

- Жергілікті қоршаған ортаны қорғау органдары мен соттар ТШО және сол сияқты компанияларды экологиялық мыстан кемпір деп аңыздатуларын қоймаса, сонымен қатар көптеген өнеркәсіптік елдер кездесіп отырған экология саласындағы шынайы проблемаларды жоққа шығаруды жалғастыра берсе, Қазақстан өз әлеуетін толықтай жүзеге асыра алмайды.

Селецки, сондай-ақ, ҚР-нда құқықтың үстемдік етуі тақырыбын да қозғады. Ол бұл әңгімесінде екі тарихи тұлғалардың: біздің ақынымыз және философымыз Абай мен АҚШ Конституциясын жасаушылардың бірі Джеймс МЭДИСОННЫҢ шығармашылықтарын негізге ала сөйледі.

Атап айтсақ, ол Абайдың «Қара сөздерінен» патшалық Ресейдің далалық шет түкпірінде адал адамдарға жасалған әділетсіз сот үкімдері туралы үзінді келтірді. Содан кейін Американың азаматы Мэдисон туралы кішкене әңгімелеп, оның атақты биліктің үш тармағының тәуелсіздік принциптері жөнінде айтты.

- Мэдисон мен оның жақтастары өздері жасаған конституция тармақтар арасына қойылған жай пергаментті кедергі ғана емес, онда басқа тармақтарға қарсы әрекет жасай алатындай және оларды тежейтіндей мүмкіндіктер болу керек деп есептеді, - деп түсіндірді Селецки.

Ол қазақстандық судьялардың бір сәттік саяси ойындарға араласпас үшін өз лауазымдарында тұрақты болуларын жақтап та пікір айтты.

АҚШ Конституциясында қолданылған билікті тармақтарға бөлу әдісінің басты нәтижесі құқықтың үстемдік етуі болып табылады. Екі жүз жылдан аса уақыт ішінде Конституция билікті бір-біріне қарсылас фракцияларға бейбіт жолмен кезектестіріп ауыстырып отырды, өйткені ұлтқа белгілі бір тұлғалар емес, заң билік етеді.

Әрі қарай Селецки Қазақстанда Абай кезінен бері қарайзаң үстемдік ете ме деген риторикалық сұрақ қойды және сол бойда өз сұрағына одан бері біраз нәрсе жасалғанын, әлі де көп дүние жасалуы керек деп жауап берді.

Ол 2012 жылы президент Назарбаев жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің тапсырмасымен британдық «Эрнст энд Янг» аудиторлық компаниясы орындаған Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына жасалған екінші зерттеуге сілтеме жасады.

Респонденттер шетелдік инвесторларды мазалайтын факторларға «заңнамаларды әр түрлі түсіндіру және оны таңдап қолдануды, шектен тыс реттеп отыруды, жергілікті мазмұнға қатысты жоғары талаптарды, жемқорлық және сот жүйесінің жеткіліксіз тәуелсіздігін» жатқызды.

Шын мәнінде Димитри Селецки мен «Шеврон» компаниясын бәрінен бұрын не толғандырады екен: «сот жүйесінің жеткіліксіз тәуелсіздігі» мен жалпы демократиялық институттар ма, әлде «жергілікті мазмұнға қатысты жоғары талаптар» ма?

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

25 сәуір 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.