Жақында әлеуметтік желіде Ерік Мостовойдың шіріген суы Жайыққа ағып жатқан видео пайда болды. Экология департаментінің мамандары су сынамаларынан хлоридтер мен құрғақ қалдықтардың шамадан тыс көп екенін анықтады. Департамент Атырау әкімдігіне шіріген судың өзенге ағуын тоқтатып, каналды қоқыстан тазарту қажеттігі туралы хат жолдады.
Қала әкімдігі бүгінде каналға құятын жерге құм салынған қапшықтар салынғанын, осылайша Жайыққа ағып жатқан судың тоқтатылғанын, канал ішіндегі қоқыстарды шығаруды «Арнаулы автобаза» ЖШС-ге тапсырғанын айтты.
Еске салсақ, наурыз айында белсенділер Ерік Мостовойды тегістеп, оның орнына азаматтар үшін демалыс аймағын құруды талап етіп, президент әкімшілігі мен үкіметке жолдау үшін петицияға 7 мыңнан астам қол жинаған болатын.
Кейін облыс басшылығы каналды қайта жарақтауға ниетті екенін мәлімдеді. Оның түбіне дренаждық және кәріздік коммуникациялар, сондай-ақ жазғы су құбыры тартылады деп жоспарлануда. Жер бетін саябақ жасап, велосипед және жүгіру жолдарын салу, көшелерге жарық беретін шамдар, орындықтар орнату және т.б. жоспарланған.
«АЖ» бүгін облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне каналдың бүгінгі тағдырына қатысты сауал жолдады. Жауапта осы жылдың 22 наурызында жасалған келісімшартқа сәйкес, «Ерік Мостовойды қайта жарақтау» нысаны бойынша жобалық-сметалық құжаттамасын «Redline-pro» ЖШС әзірлеп жатқаны айтылған.
Еске салсақ, Ерік Мостовой осыдан 20 жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі Серікбек Дәукеевтің тұсында 1,5 миллиард теңге бюджет қаржысына салынып, Атырау ықшамауданынан Еркінқала ауылына дейін жасыл белдеу жасау көзделген болатын. Ерікті көгалдандырумен қатар, мол су тасқыны кезінде Жайықтан су ағызу үшін пайдалану жоспарланған болатын. Сөйтіп ауқымды тұрғын үй массивінің тұрғындары бақшаларын суару үшін канал суын пайдалана алар еді.
Бірақ осы уақыт бойы канал мақсатына сай пайдаланылмады. Оның бір себебі – тасқын суларды шығару үшін Жайық суының тайыз болуы. Жиырма жылдан бері ол жаңбыр мен еріген су құйылатын шұңқырға, жазда шыбын-шіркей қаптап, тұрмыстық қалдықтар жиналатын орынға айналды. Осының барлығы облыс орталығының экологиялық жағдайына кері әсерін тигізуде.
Айнұр САПАРОВА
Әлеуметтік желіден алынған сурет