Грузияда президенттік сайлау 2024 жылдың 14 желтоқсанына жоспарланған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Грузия Online" басылымына сілтеме жасап.
Тұңғыш рет президентті халық емес, сайлаушылар алқасы таңдайтын болады. Алқа құрамына 300 мүше кіреді. Оның ішінде Парламенттің барлық 150 депутаты, Абхазия Автономиялық Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 20 мүшесі, Аджария Жоғарғы Кеңесінің 21 мүшесі және партиялардың 2021-2022 жылғы сайлауда алған қолдауына пропорционалды түрде бөлінген жергілікті өзін-өзі басқарудың 109 өкілі бар.
Президенттікке үміткер алқаның толық құрамының кемінде үштен екі бөлік дауысын жинауы тиіс. Бірде-бір кандидат қажетті дауыс санын ала алмаған жағдайда дауыс берудің екінші туры өткізіліп, жеңімпаз көпшілік дауыспен анықталмақ.
Сайлауды Грузия орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырады. Дауыс берудің өзі Парламент ғимаратында өтеді.
Жаңа президенттің инаугурациясы сайлаудан кейінгі үшінші жексенбіде, яғни 29 желтоқсанда өтеді деп жоспарланып отыр.